Қазақстанда жер актісін алу онлайн форматқа көшірілді
Өтінім қаралғаннан кейін дайын құжат пайдаланушының Жеке кабинетінде қолжетімді болады.
12 шілдеден бастап жер учаскелеріне берілетін мемлекеттік актілер Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) енді берілмейді. Енді бұл құжатты тек eGov.kz порталы арқылы электронды форматта рәсімдеуге болады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның мәліметінше, мемлекеттік актіні алу үшін азаматтар eGov.kz порталында авторизациядан өтіп, тиісті мемлекеттік қызметті таңдап, өтінімді толтырып, оны электрондық сәйкестендірудің қолжетімді тәсілдерінің бірі арқылы қол қоюы қажет. Өтінім қаралғаннан кейін дайын құжат пайдаланушының Жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, мемлекеттік қызметтерді онлайн форматқа көшіру – ең көп сұранысқа ие қызметтерді цифрландырудың ауқымды жұмысының бір бөлігі.
«Осыған ұқсас қағидат бойынша ең көп сұранысқа ие ТОП-10 мемлекеттік қызмет цифрландырылып жатыр. Қазірдің өзінде бұл тәсіл нақты нәтиже беруде. ХҚКО операторларына түсетін жүктеме 30%-ға азайып, жүздеген мың азамат мемлекеттік қызметтерді ХҚКО-ға бармай-ақ, кезек күтпей, әлдеқайда жылдам ала бастады», – деді Ростислав Коняшкин.
Қазіргі уақытта толықтай автоматтандырылып, онлайн форматта көрсетілетін қызметтердің қатарында:
- жылжымайтын мүлікке техникалық паспорт пен оның телнұсқасын алу;
- электрондық цифрлық қолтаңбаны (ЭЦҚ) рәсімдеу;
- тұрғылықты жері бойынша тіркелу;
- жүргізуші куәлігін рәсімдеу;
- еңбек иммигранттарына рұқсат беру және оның мерзімін ұзарту қызметтері бар.
Ал интернет арқылы қызметті өз бетінше пайдалана алмайтын азаматтар үшін бұл қызметті бұрынғыдай ХҚКО-лардағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтарында рәсімдеуге мүмкіндік сақталады. Онда мамандар қажетті көмек көрсетеді.