Білім

Грантқа құжат қабылдау басталды

Қазақстанда 2026 жылғы 13–20 шілде аралығында жоғары оқу орындарының білім беру гранттары конкурсына қатысу үшін құжат қабылдау басталды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Талапкерлер өтініштерін жоғары оқу орындарының қабылдау комиссиялары арқылы офлайн немесе виртуалды қабылдау комиссиялары арқылы, сондай-ақ eGov порталы арқылы онлайн тапсыра алады.

Грант конкурсына қатысу үшін жеке куәлік, ҰБТ сертификаты, 3×4 көлеміндегі фотосурет және орта білім туралы аттестат (колледж түлектері үшін диплом) қажет. Егер талапкер жеңілдетілген санатқа жатса, оны растайтын құжаттарды да қоса тапсырады.

Грантқа түсу үшін қанша балл қажет

Білім және ғылым саласындағы қолданыстағы талаптарға сәйкес:

  • «Педагогикалық ғылымдар» және «Құқық» бағыттарына – кемінде 75 балл;
  • «Денсаулық сақтау» бағытына – кемінде 70 балл;
  • «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» бағыттарына – кемінде 50 балл;
  • Ұлттық жоғары оқу орындарына – кемінде 65 балл;
  • Басқа жоғары оқу орындарына – кемінде 50 балл жинау қажет.

Сонымен қатар жоғары оқу орындары ақылы бөлімге қабылдау кезінде өздерінің шекті балдарын белгілеуге құқылы.

Биыл да ауыл жастары мен әлеуметтік осал санаттағы талапкерлер үшін арнайы мемлекеттік квоталар қарастырылған.

Министрлік мәліметінше, қабылдау науқаны «Цифрлық университет» қағидаты бойынша жүргізіледі. Бұл гранттарды бөлу процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Айта кетейік, 2026 жылғы білім гранты иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады.

Back to top button