ЕрекшеҚоғам

Ресейге жұмысқа кеткен: Қазақстан азаматы соғыста көз жұмды

Мәскеу Украинаға қарсы соғысқа Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің азаматтарын тарта бастады. Украинадағы мемлекеттік «Тірі қалғым келеді» жобасының дерегінше, Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа кем дегенде Қазақстанның 1190, Өзбекстанның 900-ден астам азаматы қол қойған. Олардың жүздегені майдан шебінде мерт болған болуы мүмкін, өйткені шетелдіктерді көбіне адам шығыны өте жоғары болатын шабуылдаушы бөлімшелерге жібереді, деп хабарлайды Tizgin.kz порталы Настоящее время басылымына сілтеме жасап.

Донбасста қаза тапқан қазақстандық Кирилл Нысанбаев небәрі 21 жаста болған. Оның оқиғасы Ресейде мигранттарды соғысқа қалай тартып, оларды ең қауіпті аймақтарға аттандырып, соңында мәйіттерін туыстарына қайтарып жатқанының айқын мысалы.

Кирилл Нысанбаев отбасымен бірге Қостанай облысындағы Рудный қаласында тұрған. Бұл өңір Ресейдің Челябі, Орынбор облыстары және Башқұртстанмен шектеседі, шекараға дейін небәрі 70–100 шақырым ғана. Рудный тұрғындарының көбі күнкөріс қамымен Ресейге барып жұмыс істейді. Кирилл де солардың қатарында еді – 2023 жылдың күзіне қарай ол жаққа табыс табуға кеткен.

Кирилдің әпкесі, сыңары Камилланың айтуынша, алғашында бәрі жақсы көрінген. Жас жігіт Қазақстанда мерзімді әскери қызметтен оралғаннан кейін өз қаласынан лайықты жұмыс таппаған соң, көрші елге кетуге шешім қабылдаған. Алғашында Екатеринбургтегі бір өндіріс орнына орналасқанын айтып, кейінірек Челябіге ауысқанын жеткізген. Камилланың сөзінше, Кирилл Ресейде ұзақ қалуды ойламаған – азын-аулақ ақша жинап, Костанаида оқу ақысын төлеп, кейін дипломмен елге оралып, жұмысқа орналасқысы келген.

Кириллдің отбасын алаңдата бастаған сәт – оның Челябіде шетелдіктерді уақытша ұстау орталығына қамалғанын хабарлаған уақыты болған. Себеп – көші-қон ережелерін бұзды деген айып. Ол кезде Ресейдің түкпір-түкпірінде шетелдік еңбек мигранттарын жаппай ұстау науқаны жүріп жатқан еді: мыңдаған адамды өндіріс орындарынан, жатақханалардан, мигранттар баратын дәмханалар мен тіпті мешіттерден ұстап әкеткен.

Сол кезде ұсталған мигранттар кейінірек сұхбаттарында өздерінің құжаттары түгел болса да, депортациямен қорқытылғанын айтқан. Ал жасы кәмелеттен асқан, бірақ жас шамасы қолайлы адамдарға Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отыру ұсынылған. Егер келіспесе – елден шығарып, ұзақ жылға қайта кіруге тыйым салынатыны ескертілген.

Камилланың сөзінше, Кириллді сол орталықта ұзақ ұстаған. Полиция оның түр-сипаты бір қарақшылық шабуылдан зардап шеккен адамның сипаттамасына ұқсайтынын алға тартып, соған байланысты тергеу жүріп жатқанын айтқан. Осы уақыт ішінде Кириллге қысым көрсетіліп, келісімшартқа қол қоюға мәжбүрленген. Кейде тіпті соққыға жығылған.

— Оны «қарақшылық ісіне» байланысты ұстады. Маған жазып жүрді: ұрып-соғады, келісімшартқа қол қоюға мәжбүрлейді, — дейді Камилла Нысанбаева. — Ақыры қол қойған. Оған «қиын ештеңе болмайды, оқу-жаттығуда ғана жүресің» деп сендіріпті. Бірақ артынша бірден майдан шебіне жіберген.

Кириллді майданға алып кеткеннен кейін ол біраз уақыт бойы туыстарымен байланысып тұрған. Алайда егер байланыс үзілсе немесе із-түзсіз жоғалып кетсе, оны қайдан іздеу керегін білдіретін нақты ешқандай мәлімет қалдырмаған.

Кирилл сол жақта көз жұмған.

Мақаланың толық сілтемесін түпнұсқасынан оқи аласыздар.

Back to top button