ERG-дің бір бөлігі Шахмұрат Мүтәліповтің бақылауында қалуы мүмкін – Bloomberg
Eurasian Resources Group (ERG) иелері компанияны Қазақстан мен халықаралық бизнеске бөлу мүмкіндігін қарастырып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz Bloomberg агенттігіне сілтеме жасап.
ERG-НІҢ НЕГІЗГІ ТАБЫСЫ НЕДЕ
Егер мәміле жүзеге асса, Қазақстандағы кеніштер мен зауыттар Шахмұрат Мүтәліп пен мемлекет бақылауында қалады. Қазір Қазақстан ERG акцияларының 40 пайызына иелік етеді. Ал 35 жастағы Мүтәліп мамыр айында Патох Шодиев пен Александр Машкевич отбасыларына тиесілі үлесті сатып алып, компаниядағы 39,3 пайыздық үлестің иесі атанған.
Ал ERG басшысы әрі басқарма төрағасы Шухрат Ибрагимов халықаралық активтерді бақылауға алуы мүмкін. Bloomberg дереккөздері мәліметінше, оның отбасы топтағы 20 пайыздық үлесін шетелдік активтерге айырбастап, жаңа компания құрамына өтеді. Сонымен бірге Ибрагимовке шамамен 2 млрд доллар көлеміндегі қарыз міндеттемелері де берілуі ықтимал.
ERG негізгі табысын Қазақстандағы темір кені, феррохром және алюминий өндірісінен табады. Сонымен қатар компанияның шетелде де ірі активтері бар. Олардың қатарында Африкадағы мыс белдеуі, Бразилия және әсіресе Конго Демократиялық Республикасындағы жобалар бар. ERG бұл елде әлемдегі ірі кобальт өндірушілерінің бірі саналатын Metalkol компаниясына және мыс өндірісімен айналысатын активтерге ие.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ
Bloomberg сарапшылары пікірінше, компанияны бөлу екі бағытқа да халықаралық серіктестермен жаңа келісімдер жасауға мүмкіндік беруі мүмкін. Қазір инвесторлар, сауда компаниялары мен мемлекеттер стратегиялық шикізат жеткізілімі үшін бәсекені күшейтіп отыр.
Шахмұрат Мүтәліп үшін мұндай бөлініс ERG-нің Қазақстандағы активтеріне бақылауды күшейтуге жол ашады. Өткен айда оның құрылыс компаниясының басшысы ERG-нің қазақстандық бөлімшесінің бас директоры қызметіне тағайындалған болатын.
Ал Шухрат Ибрагимов үшін бұл қадам Конго Демократиялық Республикасындағы активтерге бағытталған стратегия болуы ықтимал. Алайда халықаралық бизнеспен бірге бірқатар тәуекел әлі сақталып отыр.