«Дөрбілжіңде өскенбіз»: қазақ тіліне жетік Қытайдағы орыстар желіні таңғалдырды

Әлеуметтік желіде Қытай ұлты орыс Қытай азаматтарының видеосы қызу талқыланып жатыр. Әлішер Рахат атты азамат Қытайға барып, олармен бетпе-бет кездесіп, видеоға түсіріп алған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Қытайға қалай келді?
Лаврентий Красноусов пен Валентина Сергеева атты азамат қазақ тілінде еркін сұхбат берген. Тіпті Валентина өзін «Валя Сергейқызымын» деп таныстырады.
– Бұл жаққа бұрынырақта әкем келіп орныққан. Үлкен әкеміз (атасы) қызыл армия тұсында Құлжада соғысып өлді. Ол кісі қайтыс болғанда әкем үш жаста еді. Сосын үлкен апам да атамыз көз жұмған соң жүрегі шыдамай, өмірден озды. Апамыздың апасы әкемді бағып өсірген. Олар үш ағайынды. Кейін есейген соң екі інісі жан-жаққа кетті. Бірі – Қазақстанда, бірі – Ресейге барып тұрақтады. Ал менің әкем осы жаққа сіңді. Сөйтіп біз де осында қалдық. Ендігісі бұл жақтан орыс қыз іздеу керек Ол кезде Құлжада едім. Содан іздеген адамымды тауып, қазір балалы-шағалымыз. Орысша да сөйлеймін. Құлжада орыс мектебі бар, – деді Лаврентий Красноусов.
«Қазақ жезделеріміз де бар»
Ал Валентина Сергееваның сөзінше, мұнда сіңілісі екеуі нан пісіреді.
– Әкем де, шешем де орыс. Сергейқызы Валя десеңіздер болады. Сіңіліммен нан пісіреміз. Жолдасым – өзбек. Отбасымызда бірнеше ұлт өкілі бар. Мұндағы қазақтармен араласамыз. Қазақ жезделеріміз де бар. Өзіміз – орыспыз, күйеуім – өзбек, бір әпкем – қазаққа, тағы біреуі моңғолға тиген. Бұл жақтағы орыстардың көбі көшіп кеткен. Бірақ әлі де бар. Ата-бабаларымыз мұнда ертеректе көшіп келген, өзіміз осында тудық. Отан қойнында, Дөрбілжіңде өстік, – деді ол.