5 оқушы – 5 алтын: Қазақстандық оқушылар әлемдік олимпиадада рекорд жаңартты
Қазақстан әлемнің 100-ге жуық елінің ішінде 5 алтын медаль иеленген 6 елдің қатарына енді.
Қазақстандық оқушылар физикадан әлемдегі ең беделді халықаралық олимпиада – International Physics Olympiad (IPhO) додасында ең үздік нәтижеге қол жеткізіп, құраманың барлық 5 мүшесі де алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет физикадан Халықаралық олимпиадада 5 оқушы да алтын медаль жеңіп алды. Мұндай жетістік ешқандай пәннен, ешқашан болмаған. Қазақстандық оқушылар Қытай, АҚШ секілді мемлекеттерді артқы тастап, оза шапты.
Былтыр өткен осы олимпиадада ел қоржыны 2 күміс, 3 қоламен толыққан болатын.
Халықаралық олимпиаданың жеңімпаздары: Нұргүл Егенбергенова (Астана), Роман Черемнов (Алматы), Ілияс Қазымбек (Астана), Әмірбек Азатбеков (Астана), Дамир Құрман (Алматы).
«Бес оқушы. Бес алтын. Балаларымыз әлемнің ең үздік жас физиктерінің қатарында! Осындай жеңімпаздарды, ата-аналарын, ұстаздарын телеканалдарға, подкасттарға, сұхбаттарға жиі шақыру керек. Олар–бүгінгі күннің қаһармандары. Спорттағы жеңістерді жақсы дәріптейміз. Бұл –дұрыс, бірақ ғылым мен білімдегі осындай тарихи жеңістер де дәл сондай құрмет пен назарға лайық. Балаларымыздың ғалым, инженер болуын қаласақ, алдымен соларды елге үлгі етуіміз керек», – деп жазды экс-депутат Асхат Аймағамбетов.