Поэзия кеші, айтыс, көкпар мен Димаштың концерті: «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» фестивалі қалай өтті
Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай ауданында ұйымдастырылған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалі екі күн бойы келген меймандар мен жергілікті тұрғындарға қайталанбас әсер сыйлап, түрлі іс- шарамен есте қалды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
АҚЫНДАР ПАТШАЛАР ЖАЗЫҒЫНДА БАС ҚОСТЫ
Былтыр алғаш рет қолға алынып, келімді-кетімді қонақ саны ендігіде 4-5 есе көп болуы мүмкін деген ой сол кезде қалыптасқан көрінеді. Осы жолы алып сахна айналасында жалғасатын қауырт тірлік тоқтамауы үшін ауқаттанатын орындар, ыстықтан пана іздеген жандарға әр ауданның киіз үйлері тігіліп, көпшілік жиналатын жер тегістелген. Атшабар маңы да ретке келтіріп, ақындар бас қосатын Патшалар жазығындағы арам шөп шабылған. Шара шымылдығы Берел ауылындағы «Төр Алтай Ақтанын жырлайды» атты республикалық поэзия кешімен түрілді. Іріктеуден өткен 16 ақын сахнаға көтерілгенде олардың өнерін алаңсыз тамашалау үшін жайлы орындықтар молынан қойылып, жүрек жалғап алғысы келетіндерге дәл іргесінде кәуіп әзірленіп, сусындар сатылды.

Кеш басталмай тұрып, алыс-жақыннан келген қонақтар сол маңдағы Берел мемлекеттік табиғи мұражай қорығына барды.

Фестиваль өз алдына, шет жақта сауда қызып жатты. Кәсіп пен қауырт жұмысқа ден қойғандардың айтуынша, осындай меймандар көп келетін жиын-концерт, фестиваль кезінде табыс тауып, жырғап қалды.

Туристер назарына түскен тұрғындардың бірі – Бақытбек Манайұлы. Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов кентінен қос қыранын әкеліпті. Әрине, құс ұшырып, аң аулау мақсатында емес, фотоаймақ ұйымдастырады. Фестивальге арнайы шақырылған. 2019 жылдан бері қыран баптап келеді.
Ымырт үйірілген шақта кеш шымылдығын облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов ашып, Қазақстанның әр түкпірінен келген ақындарға лебіз білдіріп, бірнеше күнге жалғасатын іс-шараға келген барша мейманға алғысын білдірді.

«Мөлдір бұлағы мәңгіліктің күйін шерткен, тасын түртсе тарихы сайрап, түгін тартса майы шығатын бұл өлкеде дүниеге келу былай тұрсын, жай ғана басқосудың өзі асқан бақыт. Бүгін біз осы өңірден түлеп ұшқан көрнекті ақын, қазақ поэзиясының көркем көкжиегін кеңейткен Ақтан Нұрбаевтың 100 жылдық мерейтойын елдік деңгейде атап өту үшін жиналып отырмыз. Олай болса, ең алдымен барша қонаққа қазақы дәстүрмен қош келдіңіздер дейміз. Хакім Абай сөз патшасына теліген қасетті қара өлеңді халқымыз жай ғана өнер деп бағалмаған. Қазақ үшін сөз – аманат. Сөз – ар. Сөз – ұлттың жадын ұрпақтан-ұрпаққа жалғайтын алтын көпір. Ал рухтың өзегі – әдебиет пен өнер», – деді әкім.
Поэзия кешінің ұйымдастырылу форматы ерекше. Екі-екіден сахнаға беттеп, екі өлеңнен оқыды. 
ҰЛАН АУДАНЫ ТАҒЫ ДА ЧЕМПИОН
Атшабар маңында рауан таңнан жиналған көпшілік алдымен 7,5 шақырымдық құнан жарысын тамашалады. Қуанарлығы сол, айналымнан жылдам шығып қалу жағдайлары тіркелмеді. Қылқұйрықтылардың көбі соңына дейін жылдамдығын жоғалтпаған. Тек мәре жақындаған сайын Самар ауданындағы өңірге белгілі атбегі Руслан Шайырғазиннің аттары серпіле шауып, қара үзе бастады. Сол күйі жеткізбей, Құлынжон ауылынан әкелінген жүйріктер мәре сызығын бірінен соң бірі кесті. Атбегінің сөзінше, Катонқарағай топырағында Самар ауданының қылқұйрықтылары үнемі жүлде алады.

Ал «Көктеректі» тізгіндеген шабандоздың есімі – Кирилл Соколов. Ұлты орыс болса да, қазақшаға судай екен. Соңғы айналымда аттың басын жібердім деді. Артынша топ бәйгеде үздіктер анықталды. Сөреге 24 ат тізіліп, әуелде топ арасы сиремей, ешбірі тұтамдап алға оза қоймады. Дегенмен айналым сайын Күршім, Глубокое ауданынан әкелінген жүйріктер шеңберін аясында үстемдік таныта бастады. Соңғы айналымда жүйріктердің арасы созыла түсіп, біршама ат жарыс жолынан шығып қалды. Ал мәреге 500 метр қалғанда Күршім ауданынан әкелінген екі ат қатарласа шапты. Соңғы метрге дейін кім озатынын болжау мүмкін емес болып, жұрт соңғы метрлер қалғанша не боларын күтті. Дегенмен «Үміт» мәре сызығын бірінші кесіп, «Қарқын» оның ізін ала жетті. «Үмітті» тізгіндеген Нұрсұлтан Әнуархан Тарбағатай ауданының тумасы. Біршама тәжірибелі екен. Қазір 13-те. Мәреге екінші келген ат та Күршім ауданынан. «Үмітпен» қатарласып шапқан «Қарқын» иесінің көңілін шыққан көрінеді. Ат иесі Алихан Камалхановтың сөзінше, Катонқарағай ауданындағы жарысқа арнайы дайындалған.
Сағат 10:30-да финалдық ойын басталды. Көпшілік Ұлан мен Самар аудандары арасындағы дербиді күткен еді. Олай болмады бірақ. Неге екенін сәл кейінірек жазамыз. Оның алдында бірнеше күн бойы топтық ойындар өткізіліп, шілденің 10-ы күні жартылай финал жалғасын тапқан болатын. Самар шешуші сынға өте алмай, чемпиондық Ұлан мен Күршім ауданы азаматтары арасында анықталды. Межелі уақытта тұлпарларымен екпіндете шапқан палуандар барынша тартысты бәсеке өрбітуге тырысты. Дегенмен Ержан Заманбеков бастаған Ұлан ауданының командасы сөзсіз басымдық танытты. Есеп 12:2, айқын жеңіс.

Ержан Амангелдіұлының сөзінше, командадағы ең ересек көкпаршы өзі. 50-ге аяқ басса да, еш қиналмағанын айтты. Серкенің салмағы – 30-35 келі аралығында. Көкпардағы тәртіп бойынша солай болуы керек.

ДИМАШ САХНАҒА ШЫҚҚАН СӘТ
Түс ауа алдағы аламан бәйгеге аз уақыт қалғаны айтылды. Жырдан нөсерлеткен ақындар айтысы тәмамдалып, қазылар шешім шығаруға кеткен. Сәлден соң сахна маңында жиналған адам саны одан әрі молайып, Ақтан Нұрбаевтың ұлы Ержан Нұрбаев тіккен автокөлік кімге бұйырғанын білуге асықты. Айтысты ақын, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтай жүргізсе, қазылар алқасының төрағасы – Қазақстанның халық жазушысы Жүрсін Ерман болды. Сондай-ақ қазылар құрамында Серік Құсанбаев, Құдайберлі Мырзабеков, Қойлыбай Асанов, Ұлықбек Есдәулет, Дәулеткерей Кәпұлы, Жанарбек Әшімжан және айтыс сарапшысы Өміржан Көпбосынов төрелік етті.
Айтыскерлер Ақтан Нұрбаевтың әдеби мұрасы туралы айтып, ұлттық құндылықтар, бірлік, тәуелсіздік және руханият сынды түрлі тақырыпты қамтыды. Көбі жергілікті ақындар жолына үмітпен қарағанмен, жан-жақтан келген жігіттердің өткір шумақтарына қол соқпай тұрмады. Сәлден соң Аманжол Әлтай сахнаға беттеп, қорытындыны жариялады. Соған сәйкес 3 орын Шұғайып Сезімхан мен Дәурен Ақсақаловқа бұйырып, әрқайсысына 750 мың теңгеден берілді.

Ал 2 орынға лайық деп танылған Абай Жолмағамбет пен Мақсат Ақанов 1 млн теңгеден қаржылай сыйлық алды. Бірінші орын алған Мейірбек Сұлтанхан 2 млн теңгені қанжығасына байласа, бас жүлде мен автокөлікті жергілікті ақын Серік Қуанған жеңіп алды. Сөз бұйдасын ұстаған басқа да ақындарға 500 мың теңгеден берілді. Бұл жердегі тағы бір ерекше сәт, облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов айтыс ақтангері Жүрсін Ерманға Шығыс Қазақстан жұрты атынан темір тұлпар сыйға тартылатынын мәлімдеді.

Кешқұрым жұрт «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық фестивалінің гала-концертін күтті. Қазақты әлемге танытқан әнші Димаш Құдайберген дегенді естігелі баннер дайындап, апталап күткендері қоршауға барынша тақау тұруға тырысты.

Бірі Катонқарағайға демалуға келіп, Димаш өнер көрсетеді дегенді естіп қалып қойса, өзгесі әр облыстан, шет мемлекеттен әншіні жүзбе-жүз көруге ұмтылды. Бірақ оған дейін Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Мажарстан, Моңғолия, Башқұртстан (РФ), Тыва (РФ) және Қарақалпақстаннан (ӨР) келген танымал өнерпаздар да сахнаға шығып, хит әндерін орындады. Бірі қырғыздың жұлдызы JAX-пен қосыла әндетсе, тағы бірі қарақалпақстандық Әлішер Байниязовтың өнеріне қол соқты.
Ал сағат 20:30 шамасында мыңдаған адамның Катонқарағай ауылына ағылуына себеп болған Димаштың өзі сахнаға шықты. Бас-аяғы үш сағаттан астам уақыт ішінде әлемдік хит әндерін орындап, біршама адам көз жасын төкті, көңілі босады. Сол уақытта тараған ақпаратқа сенсек, Димашты көруге Қазақстанның, шет мемлекеттің әр түкпірінен 50 мыңға тарта адам келді. Келімді-кетімді адамдар аядай ғана ауылға мұнша адам қалай сыйып кетті деген сауалды қойыпты. Қонақүйлер, жалға берілетін үйлер жетпегенде, талайы ашық аспан астында шатыр тігіп ұйықтады. Айтуларынша, Димашты көру үшін сондай жағдайларға бейімделу қиындық келтірмеген.