TOP-1Сараптама

Арланнан Sunqar-ға дейін: Қазақстан әскери өндірісте қандай деңгейге жетті

Қазақстан өз әскерін заман талабына сай жарақтандырып отыр ма? Соңғы жылдарда әлемдегі әскери қақтығыстар заманауи қару-жарақты өз аумағында өндіре алатын мемлекеттердің қорғаныс мүмкіндігі әлдеқайда жоғары. болатынын анық көрсетті. Қазақстанның бұл тұрғыдағы мүмкіндігі қандай? Кеңес заманынан қалған көрші елдің технологиясына арқа сүйейтін зауыттар әлі де қорғаныс өнеркәсібінің негізі болып отыр ма? Бұл материалда Tizgin.kz осы сауалға жауап іздейді.

Macrotrends ұзақ мерзімді инвестицияларды талдау платформасының мәліметі бойынша, Қазақстан 2024 жылы қорғаныс әлеуетін арттыруға 1,2 млрд доллар жұмсаған. Ресурстың дерегіне сүйенсек, Қазақстан өз тарихында қорғаныс саласына ең көп қаржы бөлген кезең 2013 жыл болған (2,55 млрд доллар). Қазіргі қаржыландыру көлемі 2009 жылдардың көрсеткішімен шамалас. Ал дүниежүзілік банктің дерегіне қарағанда, 2024 жылы еліміз қорғаныс саласына жалпы ішкі өнімінің 0,4 пайызын ғана салған. Бұл қаражат қайда кетіп жатыр?

Ресми ақпаратқа назар салсақ, Қазақстанда кеңес заманынан қалған кәсіпорындармен қатар жаңа өндірістер де іске қосылып жатыр. Олар броньды техника, әскери электроника, оптикалық жүйелер, оқ-дәрі, әскери катерлер мен авиацияға арналған бөлшектер шығарумен айналысады. Сонымен бірге соңғы жылдары ұшқышсыз ұшу аппараттарын өндіру бағытында да жаңа жобалар қолға алынды.

Сарапшылардың көбі қазір Астана қорғаныс қаражатын бұрынғыдай дайын техника мен құрылғы сату алуға емес, технологияға иелік етуге бағытатуға көшіп жатқанын айтады. Броньды техниканың жаңа үлгілерін әзірлейтін инженерлік мектептің қалыптасуы осы саясаттың жемісі деуге болады. Ең бастысы, бұл инфрақұрылым бизнестің бастамасын мемлекеттің қолдауынан қалыптасып жатыр. Мұндай жобалар бір жағынан уақты сынынан өткен дайын өнімді сатып алу әдісіне қарағанда тәуекелі жоғары болып көрінуі мүмкін. Алайда жобалау құжаттамасы мен технологиялық құқықтар елдің өзінде болса, техниканы жетілдіру мен жаңғырту мүмкіндігі сақталады. Ал бұл әскери тәуелсіздікті нығайтудың маңызды элементі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, республикада 40-тан астам қорғаныс кәсіпорны жұмыс істейді, олардың 13-і «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясының құрамына кіреді. Бұл кәсіпорындар броньды техника мен әскери кеме жасауға, авиациялық техниканы жөндеп, байланыс жүйелерін шығарады.

Батыс Қазақстан облысындағы «Зенит» зауыты әскери катерлер мен кемелерді құрастырып, жөндеу және жаңғырту жұмыстарын жүргізеді. Ал Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы қорғаныс және артиллериялық бағыттағы жабдықтар мен құрамдас бөліктерді шығарады. Оралдағы кәсіпорындардың әлеуеті Каспий өңіріндегі теңіз қауіпсіздігін қамтамасыз етуге де қызмет етеді.

Алматыда Eurocopter Kazakhstan Engineering базасында Airbus тікұшақтарын құрастыру және техникалық қызмет көрсету жолға қойылған. Сондай-ақ №405 және №406 авиажөндеу зауыттары әскери авиацияны жөндеу мен жаңғырту жұмыстарын атқарады. Оңтүстік астанадағы Kazakhstan Aselsan Engineering кәсіпорны оптикалық және радиоэлектрондық жүйелер шығарады. Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді әзірлейтін QAZDRON да Алматыда орналасқан.

Инфокесте: Tizgin.kz/AI

Астанада авиациялық сервис, арнайы киім-кешек пен әскери мақсаттағы жабдықтар өндірісі дамып келеді. Әйгілі Kazakhstan Paramount Engineering те елордада жұмыс істеп тұр. Минаға төзімді Arlan сауытты машиналары мен жаңа буындағы Alan-2 техникасы осы кәсіпорынның бетке ұстар өнімі деуге болады. Қарулы күштер отандық инженерлер әзірлеген Sunqar ұшқышсыз авиациялық жүйесін қолданысқа қабылдады. Қазір осындай технологиялардың тиімділігі айқын байқалып отыр.

Ал «Семей инжиниринг» зауыты сауытты техника мен артиллериялық жүйелерді жөндеу және жаңғыртуға маманданған.

Петропавлдағы ауыр машина жасау кәсіпорны бұрынғы қорғаныс өндірісінің инженерлік әлеуетін сақтап, машина жасау саласындағы жоғары технологиялық өнім шығаруды жалғастырып келеді. Бұл кәсіпорындардың бәрі қорғаныс өнеркәсібінің өндірістік тізбегін қалыптастырады.

Қазақстанда ASPAN жобасы іске асырылып жатыр. Оның аясында артиллериялық снарядтар мен мина шығаратын жаңа өндірістер құрылмақ. Соның арқасында кәсіпорын кеңестік үлгідегі калибрлермен қатар халықаралық тәжірибеде кең қолданылатын 155 миллиметрлік артиллериялық оқ-дәрілерді де өндіре алады. Бұл ішкі сұранысты қамтамасыз етіп, технологиялық тәуелділікті азайтуға мүмкіндік береді. Қазақстан Францияның Thales компаниясымен радиолокациялық жүйелерді, Түркияның Aselsan компаниясымен оптикалық және радиоэлектрондық жабдықтарды, Airbus Helicopters компаниясымен тікұшақтарды құрастырып, қызмет көрсету жобаларын іске асырып отыр.

Back to top button