15 жастағы қазақстандық зілтемірші әлем рекордын жаңартты
Қазақстандық ауыр атлет Нұржан Жұмабай Колумбияда өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алып, әлем рекордын жаңартты, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Кали қаласында өткен дүбірлі додада 15 жастағы спортшы 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Қоссайыс қорытындысында 348 келіні (155+193) еңсеріп, әлем чемпионы атанды.
Сонымен қатар Нұржан серпе көтеру жаттығуында 193 келіні бағындырып, өз жас санатындағы жаңа әлем рекордын орнатты.
Күміс жүлдені Испания өкілі Эрик Гуадамуд Пико (344 келі), ал қола медальді Мексика спортшысы Хосе Орландо (335 келі) жеңіп алды.
Халықаралық жарыстарда әлі жеңілген жоқ
Айта кетейік, Нұржан Жұмабай бұған дейін 2025 жылы Астанада өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында және Бахрейннің Манама қаласында ұйымдастырылған жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында да топ жарған болатын.
Осылайша, жас зілтемірші халықаралық жарыстардағы жеңісті сериясын жалғастырып, әзірге бірде-бір рет жеңіліс көрген жоқ.
Бұл әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екі жүлде жеңіп алды. Бұған дейін 79 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Ернұр Мырзахмет қола медаль еншілесе, Нұрсила Берікбол 58 келіге дейінгі салмақта төртінші орынға тұрақтады.