Мемлекеттік мүліктер тізімінде «Семей орманы» резерватының екі жыл бұрын өртенген ағаштары жиі аукционға шығарылады. Өртенген орманның учаскелерге бөлінген ағаш алқаптарының алды 100 млн теңгеден басталса, үлкенірегі 300-400 млн теңгеге дейінгі бағада. Өртенген ағаштың әр бөренесі бір-бірлеп емес, аумақ-аумаққа бөліне сатылады. Осы ағаштарды мемлекет кім арқылы сатып, түскен соманы қайда жұмсап жатыр? Сол ақша айналып келіп, орманды қалпына келтіруге бөліне ме? Алапат өрт кезінде қаза болған орманшылардың отбасыларына сол қаражаттан көмек беріле ме? Осы және өзге де сұрақтардың жауабын Tizgin.kz тілшісі Экология және табиғи ресурстар министрлігінен ресми түрде сұрап білді.
Өртенген ағаштарды аукцион арқылы сату туралы шешім кімнің бастамасымен, қандай заңнамалық немесе нормативтік негізге сүйеніп қабылданды? Редакциядан жолданған алғашқы осы сұраққа жауабында Экология министрлігі мұндай жағдайда Орман кодексіне сай, орманшылар «өтімді қоқыстар (жел әсерінен құлаған ағаштар) пайда болған кезде оны жинау үшін жеке және заңды тұлғаларды шарттық негізде тартуға құқылы» деп атап көрсетеді. Сондай-ақ, бұл іске жергілікті атқарушы органдар да атсалысатынын жеткізеді. Жауапқа сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ұсынымы және Президенттің 2023 жылғы хаттамалық тапсырмасы негізінде «Семей орманы» резерватындағы ірі орман өртінің салдарын жою мақсатында «орман аукциондарын өткізу тәртібі» бекітілген.
ҚАНША АҚША ТҮСТІ? ҚАЙДА ЖҰМСАЛДЫ
Ресми жауапқа сүйенсек, 2025 жылдың басынан бастап аукцион тәртібі арқылы мердігерлерге жалпы сомасы шамамен 415 млн теңгеге 200 мың текше метр ағаш сатылған. Ал 2024 жылы бұл бағытта 343 млн теңге түскен. Яғни, былтырдан бергі пайда – 758 млн теңге. Қаражат резерваттың ВПУ-15 арнайы шотына түскен. 2025 жылдан бастап құны 45,2 млрд теңгеге 305 лот қойылған, оның ішінде 24 лоты сатылған.
«Аукцион арқылы ағашты сатудан түскен қаражаттың бір бөлігі 2023 жылғы ірі орман өртінде қаза тапқандардың туыстарына материалдық төлемді төлеу және сүректі түбірімен босату үшін салық төлеу үшін жұмсалды. Сонымен қатар, техникалық қызметкерлерге, ағаш дайындау бойынша өндірістік бригадалар жұмысшыларына еңбекақы төлеуге, коммуналдық қызметтерді төлеуге, ағаш кесу және орманды қалпына келтіруге арналған құрал-жабдықтарды, жанар-жағармай және басқа да материалдарды сатып алуға жұмсалып жатыр», – делінген жауапта.
Ағаштарды аукцион арқылы сатып алған компаниялардың тізімі мынадай: «Орман шаруашылығы» ЖШС, «Мираш УС» ЖШС, «Азияда-11» ЖШС, «Шығыс ШПЗ» ЖШС, «Global Manufacturing Development» ЖШС, «ВостокСтройИнвестКапитал» ЖШС, «Конши Групп» ЖШС, «ИПА Капитал» ЖШС, «ИПин Капитал» ЖШС, ИПАУПал. Қадыров Артур, И.П.Асылғазин, И.П.Братя, И.П.Такишев, IP DASTUR MARKET, И.П.Кабышев, Оңдасынов Аслан, Вологодский К.С., Туреханов Е.К., Соловьев А.А. Экология министрлігі аталған компаниялардың иелері мен бенефициарлары ашық түрде қолжетімді екенін атап өтеді. Сатылған ағаш өнімдерінің одан әрі қозғалысын қадағалау министрліктің құзыретіне кірмейтінін хабарлайды.
«Жоғарыда аталғандай ағаш материалдарын аукцион өткізу арқылы сату Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің ұсынымы және бұл мәселеге қатысты мүдделер қақтығысының белгілері байқалмады», – деп түйді министрлік жауабын вице-министр Нұркен Шарбиев.
ЗАЛАЛ МИЛЛИАРДТАП ЕСЕПТЕЛЕДІ
Екі жыл бұрын «Семей орманы» табиғи резерватының аумағында орман өрті тұтанып, кейін алапат өртке ұласып, соның салдарынан 14 қызметкер қаза тапқан еді. NASA-ның 2023 жылдың маусымында түсірген спутниктік суреті өрттің ең көп таралған аумағы желдің бағытымен – батыстан шығысқа қарай болғанын көрсеткен. Кейін Абай облысындағы орман алқабында өрттің аумағы 60 мың гектарға дейін ұлғайғаны хабарланды.
2023 жылы резерваттағы ірі орман өрті фактісі бойынша Экология министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Қазақстан ғарыш сапары басқа да құзыретті органдармен бірлесіп, қызметтік тексеріс жүргізген. Соның нәтижелері бойынша ірі орман өртінің жалпы ауданы – 63,3 мың га, ал мемлекетке келтірілген залал 161,5 млрд теңгені құраған. Оның ішінде тікелей материалдық шығын 32,4 млрд теңге болса, өсіп тұрған сүрек шығындары 32,2 млрд теңге, жанған техника және мүлік – 31,0 млн теңге деп есептелген. Оған қоса Экология министрлігі жанама залалды 129,15 млрд теңгеге жетті деп көрсетеді. Оның ішінде өртті сөндіруге кеткен шығын – 31,5 млн теңге болса, орманның пайдалы функцияларының төмендеуінен келтірілген залал 129,12 млрд теңгені құраған.