Тоқаевқа министр Сапаровқа экспорттық әлеуетті арттыруды тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровты қабылдап, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы агроөнеркәсіп кешенінің даму қорытындылары жөніндегі есебін тыңдады, деп хабарлайды Tizgin.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында Мемлекет басшысына егістік алқаптарын әртараптандыру, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жеңілдетілген несиемен қамту тетіктерін кеңейту және ауыл шаруашылығы техникасын лизинг арқылы жаңарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндалды.
Министрдің айтуынша, агроөнеркәсіп кешеніндегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға дейін арттыруға бағытталған кешенді шаралар іске асырылып жатыр.
2026 жылдың алғашқы алты айында тағам өнімдерін өндіру көлемі 14,7 пайызға өсті. Осы кезеңде ауыл шаруашылығының нақты көлем индексі 4,4 пайызды құрады. Оның ішінде егін шаруашылығы 7,7 пайызға, мал шаруашылығы 4,4 пайызға артқан.
АӨК экспорты 36 пайызға өсті
Айдарбек Сапаров агроөнеркәсіп өнімдерінің экспорты мен сыртқы нарыққа шығарылатын тауар түрлері де ұлғайып келе жатқанын айтты.
Биылғы қаңтар–сәуір айларында АӨК өнімдерінің экспорты 3 млрд долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36 пайызға артқан. Ал жыл қорытындысы бойынша экспорт көлемін 7,2 млрд долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Мал шаруашылығы мен ветеринарияны дамытуға басымдық берілді
Президент тапсырмасы аясында қабылданған Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың орындалу барысы да таныстырылды.
Министрдің мәліметінше, барлық санаттағы шаруашылықтарды қамтитын жеңілдетілген қаржыландыру жүйесі қалыптастырылған. Бұл шаралар мал басын көбейтуге, еңбек өнімділігін арттыруға және ет өнімдерінің экспортын ұлғайтуға бағытталған. Сонымен қатар жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде.
Сондай-ақ 2030 жылға дейінгі ветеринарияны дамыту жөніндегі кешенді жоспар бекітілген. Құжат ветеринариялық қауіпсіздік жүйесін жетілдіруді, саланы қосымша қаржыландыруды және нормативтік-құқықтық базаны жаңартуды көздейді.
Саланы цифрландыру жалғасады
Кездесуде агроөнеркәсіп кешенін цифрлық трансформациялау жұмыстарының барысы да қаралды. Қазіргі уақытта «Е-АӨК» бірыңғай цифрлық платформасы негізінде мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен жаңа цифрлық сервистер біріктіріліп жатыр.
Болжам бойынша, жыл соңына дейін ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 5,9 пайызға өседі. Тағам өнімдерін өндіру 9,5 пайызға, сусын өндірісі 10,5 пайызға ұлғаяды деп күтілуде. Сонымен қатар саладағы негізгі капиталға 2,2 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, қосылған құны жоғары өнім өндірісін дамыту, экспорттық әлеуетті кеңейту және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайту бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.