Жаңалықтар

Әлеуметтік оптимизм басым: жалпыұлттық зерттеу нәтижелері қандай

DATAmetrics компаниясы халықтың әлеуметтік көңіл күйін сипаттайтын социологиялық зерттеу нәтижелерін жариялады. Зерттеу барысында азаматтардың өз өміріне берген бағасы, отбасының материалдық жағдайындағы өзгерістер және болашаққа деген үміт-тілектері сараланған. Зерттеу Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының тапсырысы бойынша 2026 жылғы 13 маусым мен 2 шілде аралығында жүргізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Сауалнамаға Қазақстанның барлық өңірінен, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан 8 000 тұрғын қатысты. Зерттеу бетпе-бет («face-to-face») сұхбат әдісі арқылы өткізілді.

Халықтың әлеуметтік көңіл күйі азаматтардың өз өміріне, материалдық жағдайына және болашаққа қатысты күткен үмітіне берген бағасынан қалыптасады. Зерттеу нәтижесі аталған көрсеткіштердің барлығы бойынша қоғамда оң бағалардың басым екенін көрсетті.

Ең жоғары оң көрсеткіш өмірге қанағаттану деңгейінен байқалған. Зерттеуге қатысушылардың 63,3%-ы өз өміріне толық қанағаттанатынын айтса, тағы 31,9%-ы өміріне көбіне қанағаттанатынын жеткізген. Осылайша, респонденттердің 95,2%-ы өз өміріне оң баға берген.

Ал 3,4%-ы өз өміріне көбіне қанағаттанбайтынын, 1,1%-ы мүлде қанағаттанбайтынын мәлімдеген.

Өміріне оң баға берген азаматтардың пікірі отбасының материалдық жағдайын бағалау кезінде де көрініс тапқан. Зерттеуге қатысушылардың үштен екісінен астамы (67,6%) соңғы бір жылда отбасының материалдық жағдайы жақсарғанын айтқан. Оның ішінде 29,8%-ы жағдайының айтарлықтай жақсарғанын, ал 37,8%-ы белгілі бір деңгейде оң өзгерістер болғанын көрсеткен.

Респонденттердің 25,5%-ы отбасының материалдық жағдайы өзгеріссіз қалғанын мәлімдесе, 6,6%-ы оның нашарлағанын айтқан.

Қазіргі жағдайға берілген баға адамдардың болашаққа деген үмітіне де әсер етеді. Зерттеу нәтижесіне сәйкес, сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі өз отбасының келешегіне оптимистік көзқараспен қарайды.

Респонденттердің 78,6%-ы бір жылдан кейін бүгінгіден жақсы өмір сүретініне сенімді. Оның ішінде 45%-ы жағдайының едәуір жақсаратынын күтсе, тағы 33,6%-ы белгілі бір деңгейде жақсарады деп есептейді.

Ал 15,9%-ы отбасының тұрмыс деңгейі өзгеріссіз қалады деп санайды. Өз жағдайының нашарлауын күтетіндер – 3,4%.

Жалпы алғанда, зерттеу қорытындысы халықтың әлеуметтік көңіл күйінің негізгі көрсеткіштері бойынша оң бағалардың басым екенін көрсетті. Сауалнамаға қатысушылардың көпшілігі өз өміріне қанағаттанады, отбасының материалдық жағдайындағы өзгерістерді оң бағалайды және алдағы бір жылда тұрмыс деңгейінің жақсаратынына сенім білдіреді.

Back to top button