Министр Сапаровтың ұлы аудан әкімінің орынбасары болып тағайындалды
Шортанды ауданы әкімінің орынбасары лауазымына Сейпелов Айсұлтан Айдарбекұлы тағайындалды. Ол қазіргі ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың ұлы екенін БАҚ жарыса жазып жатыр, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Әкесі сияқты ұлы да ауданның ауыл шаруашылығы саласына жауапты болмақ.
Айсұлтан Сейпелов 1995 жылы 26 тамызда Солтүстік Қазақстан облысы, Мағжан Жұмабаев ауданының Красное ауылында дүниеге келген. 2018 жылы Канадалық университетті «Әлемдік экономика» мамандығы бойынша, 2022 жылы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін «Агрономия» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2019 жылы Президент іс басқармасының «Бурабай Даму» ЖШС-нің байланыс орталығында оператор болып бастаған. 2020–2026 жылдары «Сейпил Малик» шаруа фермер қожалығында басқарушы директор қызметін атқарған.
2026 жылдың маусым айында Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасында агроөнеркәсіптік кешеннің мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру бөлімінде бас маманның міндетін атқарушы, кейін бас маман болып жұмыс істеген.
Осы тағайындауға дейін Ақмола облысының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы агроөнеркәсіптік кешеннің мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру бөлімінің бас маманы қызметін атқарған.