TOP-1Экономика

Қазақстанның газ стратегиясы: қор, өндіріс пен тұтыну тепе-теңдігі қандай болмақ

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің Үкімет отырысында берген мәліметіне сүйенсек, қазір Қазақстан халқының 64,2 пайызы немесе 13,1 млн адам табиғи газ тұтынып отыр. Енді осы көрсеткішті 2035 жылға қарай 80 пайызға дейін жеткізу жоспарланған. Биылдың өзінде газ тасымалдау жүйесін дамытуға арналған 40 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде жеті жоба бұрын басталған құрылыстың жалғасы болса, 33-і жаңадан қолға алынған. Сонымен қатар «Талдықорған – Үшарал» газ құбыры пайдалануға беріліп, «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральдық құбырының екінші желісі кезең-кезеңімен салынып жатыр. Ал «Есіл – Астана» магистральдық газ құбыры Астана, Көкшетау және Петропавлды тұрақты газбен қамтуға негіз болмақ, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Энергетика министрлігінің болжамы бойынша, ішкі тұтынуға арналған тауарлық газ өндірісі 2025 жылғы 27,4 млрд текше метрден 2032 жылы 35,5 млрд текше метрге дейін, 29,6 пайыз өсу керек. 2027 жылы Жаңаөзенде жылына 900 млн текше метр газ өңдейтін жаңа зауыт іске қосылады. Сол жылы Қашағанда қуаты 1 млрд текше метр болатын алғашқы газ өңдеу зауыты пайдалануға беріледі. Кейін осы Қашағанда жылына 2,5 млрд текше метр газ өңдейтін екінші кәсіпорын салынса, 2030 жылға қарай Қарашығанақта қуаты 5 млрд текше метр болатын газ өңдеу зауыты іске қосылады. Осы жобалар ішкі нарықтағы газ тапшылығының тәуекелін азайтуға тиіс.

Инфокесте: Tizgin.kz/AI

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасеновтің мәліметінше, 2030 жылға қарай ҚМГ өндіретін тауарлық газ көлемі жылына 2,4 млрд текше метрден 4,5 млрд текше метрге дейін ұлғаяды. Ал сұйытылған мұнай газын шығару 1,3 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға жетеді. Рожковское, Батыс Прорва және Орталық Өріктау жобалары толық іске қосылған кезде жыл сайын қосымша 2,1 млрд текше метр тауарлық газ және 250 мың тонна сұйытылған мұнай газы өндірілмек.

Осыдан үш жыл бұрын «QazaqGaz» ұлттық компаниясының топ-менеджері Арман Қасенов қазіргі тұтыну көлемі сақталса, елдегі газ қоры 100 жылға жететінін айтқан болатын.

“Қазақстанда газ қоры жеткілікті, яғни 3,8 трлн текше метр шамасында. Егер тауарлық газды тұтыну шамамен 25 млрд текше метр екенін ескерсек, газ қоры 100 жылға артығымен жететінін есептеуге болады, – деген болатын.

Бірақ газ қоры деген тұтынуға дайын тұрған өнім емес. Жер қойнауындағы байлықты көгілдір отынға айналдыру үшін әуелі шикі газды ілеспе заттардан ажыратып, игеру қажет. Осыдан кейін оны өңдеп, барынша тиімді бағамен халыққа жеткізу керек. Бұған дейін Қазақстан газды халық пен кәсіпорындарға құбыр арқылы жеткізуге негізгі капиталды салса, енді инвестиция тартуда газ өңдеуге басымдық беріп отыр.

2025 жылы QazaqGaz магистральдық жүйесі арқылы 88,9 млрд текше метр газ тасымалданған. Ішкі нарыққа 20,5 млрд текше метр газ жеткізілсе, Қытайға 5 млрд текше метр газ экспортталған.

Инфокесте: Tizgin.kz/AI

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаровтың мәліметінше, ел аумағында игеруге жарамды табиғи газдың 1 трлн 716 млрд 39,5 млн текше метр қоры, мұнайға ілеспе сұйытылған газдың 2 трлн 74 млн 746,4 млн текше метр қоры есепке алынған.

2035 жылы елдегі газдандыру деңгейін 80%-ға жеткізу жоспары бар екенін жоғарыда айттық. Қазір бұл көрсеткіш 64,2% немесе 13,1 млн адам. Газ тұтыну көлемі – 27,4 млрд текше метр. 2032 жылы ішкі тұтынуға деп 35,5 млрд текше метр газ өндіру көзделген. 2035 жылғы тұтыну көлемі қазіргі жоспар деңгейінде болса, 34,1 млрд текше метрге жетуге тиіс. Бұл 2032 жылы күшіне енетін өндіріс қуатынан 1,4 млн текше метр аз және газға деген қарқынды сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осындай қарқын келешекте сақталса, қазіргі тұтынуға жарамдылығы дәлелденген қор 48,3 жылға жетуі мүмкін. Мұның сыртында 2,07 трлн текше метр мұнайға ілеспе газ бар. Оны да толық игеріп өңдесе, (1 716 + 2 074,7 = 3 790,7 млрд текше метр) көгілдір отын қоры әлі 106,8 жылға жетуі ықтимал.

Back to top button