Без рубрики

Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының жаңа орынбасарын тағайындады

Қанатбек Жайсанбаев Қазақстан Халық Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

«Мемлекет басшысының Жарлығымен Қанатбек Бақытұлы Жайсанбаев Қазақстан Халық Кеңесі Төрағасының орынбасары – Қазақстан Халық Кеңесі Хатшылығының басшысы болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды», – делінген хабарламада.

Қанатбек Жайсанбаев кім?

Қанатбек Жайсанбаев 1980 жылғы 8 ақпанда Қызылорда қаласында дүниеге келген.

2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал 2012 жылы Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетінде экономика және бизнес саласы бойынша бакалавр дәрежесін алған.

Еңбек жолын 2000 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясының Қызылорда филиалында оқытушы болып бастаған.

2008–2016 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары, кейін аппарат басшысы қызметтерін атқарды.

2016 жылдың қазан айынан бастап Президент әкімшілігінде еңбек етіп келеді. Әуелі мемлекеттік инспектор, Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары болды. 2021 жылы аталған бөлімнің меңгерушісі қызметіне тағайындалды.

2022 жылғы 9 желтоқсанда Президенттің көмекшісі – Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалған. Жаңа қызметке дейін осы бөлімге жетекшілік етті.

Back to top button