TOP-1ЖаңалықтарЭкономика

Қазақстан Қырғызстанға бензин беру-бермеу мәселесін қарастырып жатыр (ВИДЕО)

Қырғызстан Қазақстаннан бензин сұрап отырғанын Үкіметтің баспасөз орталығында Энергетика министрлігі растады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Үкіметтің баспасөз орталығында Tizgin.kz тілшісі Энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаевқа «Қазақстаннан Қырғызстан да, Ресей де бензин сұрап отыр, ал Атыраудағы зауыт жөндеуге жабылған. Ел билігі көршілердің сұранысына қалай жауап береді? Бензин беретін болса Қазақстанның өзінде бензин қымбаттап кетпей ме?» деген сұрақ қойды.

Вице-министр Ресей тарапынан бізге арнайы ресми сұраныс келген жоқ екенін айтты.

«Қырғызстан тарапынан ресми сұраныс келді. Біз оны қазір қарастырып жатырмыз. Бүкіл шешімдер біздің ұлттық мүдделерімізді ескере отырып қабылданады. Қандайда бір сұраулар жанар-жағармай бағасының кенеттен өсуіне жол бермейді. Қырғызстаннан келген сұрау бойынша жан-жақты қарастырып, жақында жауап беретін боламыз», – деді вице-министр Қайырхан Тұтқышбаев.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қырғызстан Қазақстаннан бензин сұрап отырғанын жазған болатынбыз.

Жалпы Қырғызстан жанар-жағармайдың 90 пайызын Ресейден алады. Ал Украина Ресейдің мұнай базаларына жасаған соққыларынан соң қазір Ресейде бензин тапшы болып жатыр. Ресей президенті Владимир Путин өткен аптада Мәскеу бензин экспортын шектеуі мүмкін екенін айтқан.

Back to top button