Әлемде алдағы 10 жылда бедеу әйелдер саны 80 миллионға жетуі мүмкін – зерттеу
Бұл мәселе турасында The Lancet журналы жаңа зерттеу жариялап, 2036 жылға қарай бедеулікке тап болған әйелдер саны айтарлықтай көбейетінін топшылады, деп хабарлайды Tizgin.kz ru.euronews.com-ға сілтеме жасап.
БЕДЕУЛІККЕ НЕ СЕБЕП
Зерттеу авторлары соңғы жылдары, әсіресе 35-49 жас аралығындағы әйелдер арасында бедеулік деңгейі тұрақты түрде өсіп келе жатқанын анықтаған. Егер 2023 жылы осы жас тобындағы бедеулік жағдайларының саны 53,6 миллион шамасында болса, 2036 жылға қарай бұл көрсеткіш 80 миллионға жуықтайды деген болжам жасалды.
Мамандар пікірінше, бұл ең алдымен әйел жасының ұлғаюына байланысты аналық бездегі жұмыртқа жасушалары қорының азаюы мен олардың ұрықтану қабілеті төмендеуінен туындайды. Соның салдарынан табиғи жолмен жүкті болу ықтималдығы кеміп, түсік тастау қаупі артады.
«Халықтың қартаюы мен әлеуметтік-экономикалық өзгерістердің қарқын алуына байланысты егде жаста бедеулік қаупіне тап болатын әйелдердің саны артып келеді. Сондықтан бұл мәселе қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы маңызды проблемалардың біріне айналып отыр», – деп жазады зерттеу авторлары.
ЗЕРТТЕУШІЛЕР НЕ ДЕЙДІ
Қытайлық зерттеушілер Global Burden of Disease 2023 жобасының 1990-2023 жылдар аралығындағы 204 ел мен аумақты қамтыған деректеріне талдау жүргізген. Нәтижесінде бедеулік деңгейінің өсімі экономикасы дамыған мемлекеттерде тіркелгені анықталған.
Бірақ табысы орташа және қарқынды дамып келе жатқан елдерде де бұл мәселе барған сайын өзекті болып барады. Сарапшылар мұны бірнеше фактордың әсер етуімен түсіндіреді.
«Біріншіден, адамдар бұрынғыға қарағанда некеге кеш тұрады әрі бала сүюді кейінге қалдырады. Екіншіден, 30 және 40 жастан кейін алғаш рет ана болуды қалайтын әйелдер саны көбейіп келеді. Үшіншіден, репродуктивтік денсаулық туралы ақпараттың қолжетімді болуы нәтижесінде бала көтеруде қиындық көрген жұптар медициналық көмекке жиі жүгіне бастаған», – делінген ақпаратта.
МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕККЕ ЖҮГІНЕТІНДЕР КӨБЕЙДІ
Сонымен қатар көптеген мемлекетте бедеулікті анықтау мен емдеу қызметтері әлі де қымбат. Кейбірінде жеткілікті деңгейде дамымаған немесе халық үшін қолжетімсіз. Сол себепті репродуктивтік медицинаға деген сұраныс денсаулық сақтау жүйесі мүмкіндігінен әлдеқайда жылдам өсіп жатыр.
Зерттеуге қатыспаған репродуктивтік денсаулық саласының сарапшысы, биолог Росио Нуньес Калонхе ойынша, бұл ахуал тек қосалқы репродуктивтік технологияларды дамытумен шешіле қоймайды. Ол Испания секілді елдерде әйелдердің ана болуды кейінге қалдыруына әсер ететін әлеуметтік себептерге де ерекше көңіл бөлінуі қажет екенін алға тартып отыр. Атап айтқанда, жұмыс пен жеке өмір арасындағы теңдікті сақтау, экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету және ерте жаста ана болуды ынталандыратын мемлекеттік қолдау тетіктерін күшейту маңызды.
САРАПШЫЛАР ЕСКЕРТЕДІ
Сарапшылар бедеулікті тек әйелдердің мәселесі ретінде қарастыруды қате деп отыр. Әлемде шамамен әрбір алтыншы адам өмірінің белгілі бір кезеңінде осы мәселемен бетпе-бет келеді. Ал репродуктивтік жастағы ерлі-зайыптылардың 8-12 пайызы бала көтеруде қиындық көреді.
Сондықтан мамандар бедеулік мәселесін шешу кезінде медициналық емдеу тәсілдеріне ғана емес, әлеуметтік қолдау, отбасы саясаты секілді халық сауатын арттыру бағытындағы шараларға басымдық беру қажет екенін атап өтеді.