TOP-2Спорт

Қош, Роналду: Португалия әлем чемпионатымен қоштасты, Бельгия АҚШ-ты тас-талқан етті

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының 1/8 финалында Испания Португалияны қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңіп, ширек финалға жолдама алды. Осылайша 41 жастағы Криштиану Роналду мансабындағы соңғы әлем чемпионатын аяқтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Кездесудегі жалғыз гол қосымша уақыттың басында соғылды. Испания құрамасына жеңіс сыйлаған доптың авторы – Микель Мерино.

Роналду 2006 жылдан бері қатарынан алты әлем чемпионатына қатысып, Португалия құрамасының тарихындағы ең жарқын ойыншылардың бірі атанды. Алайда бұл жолы оның командасы плей-оффтың алғашқы кезеңінен аса алмады.

Ал Сиэтлде өткен тағы бір 1/8 финалдық кездесуде Бельгия құрамасы АҚШ-ты 4:1 есебімен ойсырата жеңді.

Бельгиялықтардың сапында Шарль де Кетеларе дубль авторы атанса, Ханс Ванакен мен Ромелу Лукаку бір-бір голдан соқты. АҚШ құрамасының жалғыз голын Малик Тиллман енгізді.

Матч алдындағы басты даулардың бірі америкалық шабуылшы Фоларин Балогунға қатысты болды. Ол алдыңғы ойында қызыл қағаз алғанына қарамастан, ФИФА тәртіптік комитеті АҚШ президенті Дональд Трамптың өтінішінен кейін оның дисквалификациясын уақытша кейінге қалдырған еді. Соның арқасында Балогун Бельгияға қарсы матчқа негізгі құрамда шыққанымен, нәтижелі әрекет көрсете алмай, ойын соңына қарай ауыстырылды.

Осылайша АҚШ өз алаңындағы әлем чемпионатындағы өнерін аяқтады. Бұған дейін турнирден басқа қожайын елдер – Канада мен Мексика да шығып қалған болатын.

Енді ширек финалда Испания мен Бельгия өзара кездесіп, жартылай финал жолдамасын сарапқа салады.

Back to top button