“Министр Жұлдыз Сүлейменованың үстінен президентке ұжымдық арыз жолданды” деген ақпараттан соң Оқу-ағарту министрлігі сотқа жүгінгелі отыр. Ведомство бұл шағым ресми тіркелмеген деп ақпарат берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
АРЫЗ ЖАЙЛЫ
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың үстінен президент атына жолданған ұжымдық арыз жайлы ақпарат кешелі бері көп БАҚ-та тараған еді. Тараған ақпаратта өзін министрліктің қазіргі және бұрынғы қызметкерлеріміз деп таныстырған авторлар министрдің қызметінен кетуін талап етіп, министрліктегі кадрлық саясатқа, басқару стиліне және жұмыс ахуалына қатысты бірқатар сын айтқаны жазылған.
“”Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сізге Конституцияның, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі, сондай-ақ қоғамдағы тұрақтылық пен келісімнің сақтаушысы ретінде жүгініп отырмыз. Сізден Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінде қалыптасқан аса күрделі жағдайға ерекше назар аударуыңызды сұраймыз. Бүгінде бұл жағдай министрлік пен оған қарасты ұйым қызметкерлерінің арасында үлкен алаңдаушылық туғызатын деңгейге жетті. Жұлдыз Досбергенқызы Сүлейменова министр болып тағайындалғаннан бері ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал күрт нашарлады. Бұрын өзара сыйластыққа, ынтымақтастыққа және сенімге негізделген кәсіби орта орнына тұрақты психологиялық қысым, белгісіздік және қызметкерлердің кәсіби болашағына деген қорқыныш қалыптасты. Министр қызметінің алғашқы күндерінен бастап ұжым басшылық құрамын қудалау және қызметкерлерді үнемі психологиялық қысым жағдайында ұстау әрекеттерін байқады. Министрдің басқару стилі ерекше алаңдаушылық туғызады. Аппараттық кеңестер мен жұмыс кездесулері кезінде құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық ұйым басшыларына дауыс көтеру, эмоциялық қысым жасау, көпшілік алдында орынсыз әрі ар-намысын қорлайтын түрде сын айту жағдайлары жиі кездеседі”, – делінген құжатта.
Осы арызды бірқатар БАҚ таратты.
ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ
Tizgin.kz порталы осы арыз жөнінде Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметінен ресми түсініктеме сұраған. Қысқаша мынадай жауап келді:
“Әлеуметтік желіде әртүрлі жаңалық порталдары мен блогерлер арқылы тараған шағым ресми тіркелмеген, осыған орай оны тарату және жариялау фактілері бойынша, сот органдары және құқық қорғау органдарына тиісті талап арыздар жолданатын болады”.