TOP-1Пікір

Сакура еліндегі қазақ ғалымы: Жапония, ғылым және туған елге қызмет

Ол қазақ даласының самалы ескен кең даласында дүниеге келіп, өмірлік жолын сакура гүлдеген елде жалғастырып келеді. Біреулер Жапонияны бір көруді армандаса, ол сол елді өз өмірінің ажырамас бөлігіне айналдырды.

Қазақстандық жас ғалым, PhD жапонтанушы әрі Жапония университетінде ғылыми қызметкер Олжас Бекенұлы Қуанбай жапонтанушы ретінде ұзақ жылдар бойы Күншығыс елінің тарихын, тілі мен мәдениетін зерттеп келеді. Ол Tizgin.kz тілшісіне берген сұхбатында жапондар пойыздың небәрі 20 секундқа кешіккені үшін неге кешірім сұрайтынын, екі мәдениеттің арасында өмір сүру қандай екенін, ғылым жолы және Жапонияда сақталған Қазақстан тарихына қатысты бірегей архивтік құжаттарды не үшін қазақ тіліне аударып жүргенін айтты. 

 «НӘЗІК ЖАНДЫ САМУРАЙ»

Олжас Қуанбай Алматы қаласына 1997 жылы Шығыс Қазақстаннан көшіп барған.  Жапонияға, жапон тілі мен мәдениетіне деген қызығушылығы сонау 2001 жылдары алтыншы сыныпта оқып жүрген кезінде басталған. Ал қазіргі уақытта Токио шет тілдері университеті (TUFS) Халықаралық қатынастар зерттеу институты академиялық ассистенті, ғылыми тағлымдама зерттеушісі, Анкара университеті PhD докторанты, шығыстанушы-тарихшы, жапонтанушы.

Фото: Олжас Қуанбайдың мұрағатынан

«Туған әпкем Бибігүл Қуанбаева 2001 жылы Астана қаласында жаңадан салынып жатқан әуежайда есепші болып жұмыс істеп жүр еді. 1998 жылы Қазақстанның жаңа елордасын дамытуға арналған халықаралық байқауда жеңіске жетіп, қаланың бас жоспарының авторы атанған жапондық сәулетші Кисё Курокава сол жылдары Астанада болатын. Сол жапондық архитектордың басы-қасында жүрген адамдардан туған әпкем Бибігүл «жапонша-орысша» сөздік сатып алып, маған сыйлады. Ол кездерде теледидардан «Нәзік жанды самурай» телехикаясын көріп жүріп, беліме таяқ байлап алып, самурай боламын деп ойнап жүретін бақытты балалық шағым еді. Жапонияда басылып шыққан жап-жаңа сөздіктің мұқабасы, бамбуктан жасалған өте сапалы әрі жұп-жұқа парақтары, кітапты салатын арнайы картон қорапшасы мені қайран қалдырды. Ең қызығы – өзіне тән хош иісі бар еді. Қатты қызықтым. Ішіндегі жазуды түсініп оқығым келді. Сол тілде жаза алатын ғалым болғым келді. Арманыма жету ішін не істесем екен деп ата-анаммен ақылдасып едім, «Жақсы орта керек. Дүлдүлдер оқыған мектепке тапсыруың керек, соған дайындал» деді. Содан, 2003 жылы анамның дайындауымен «Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатына» оқуға түсіп, сол жылы туған апайым Бибігүл Алматыдағы «Жапон орталығына» ертіп апарып, жапон тілін үйренуге жазылдым. Төбем көкке жеткендей қатты қуандым. Арманыма бір қадам жақындағандай сезіндім. Оқу басталды. Біздің мектеп –  Кеңес Дүйсекеев, Мәулен Әшімбаев, Дархан Қыдырәлі, Тазабек Сәмбетбай, Дәулеткерей Кәпұлы, Батырхан Құрмансейіт, Нұрділда Ораз, Танагөз Толқынқызы, Тамара Асар, Тоқтар Серіков, Ақбота Керімбекова, Нұрлан Албан, Бейбіт Қорған секілді өнер адамдары мен қоғам қайраткерлері түлеп ұшқан берекелі білім ордасы», – дейді Олжас Бекенұлы.

АЛҒАШҚЫ ҒЫЛЫМИ ЖОБА

Олжас Бекенұлы 2003 жылдан 2007 жылға дейін сол жапон тілі курсына барып жүріп, университет деңгейіндегі жапон тілін меңгеріп шыққан.

«Мектеп бітіретін жылы «Жапон-қазақ тілдері жеті септігінің ұқсастықтары мен айырмашылықтары» атты тақырыпта оқушылылардың Республикалық ғылыми жобалар жарысында І дәрежелі Диплом иегері ретінде топ жарып, сол кездегі Білім министрі Жансейіт Түймебаевтан құттықтау алып, ҚазҰУ, Шығыстану факультеті, жапонтану кафедрасына грантқа оқуға түстім. Алғашқы ғылыми жетекшім болған ұстазым М.Т. Шадаеваға алғысымды айтамын. Бакалавр, магистратураны осы білім ордасында бітіріп шықтым. Жапон тілі мен жапон тарихынан сабақ берген аяулы ұстаздарым С.К. Боранкулова, Ж.Б. Амантай, А.М. Нурелова, С.И.Кадикова, О. Фаткулина, Т. Ниномия, Ж.Е. Ашинова, Б. Назира сенсейлерге көп рақмет. Әсіресе, құрметті ұстазым Самал Кеңесқызы Боранқұлова сенсейге ерекше ыстық ықыласқа толы алғысымды білдіремін. Білімімді шыңдау жолында ары қарай өз мамандығымда PhD докторантурамды Анкара университетінде жапонтану бөлімінде жалғастырдым. Жапонияға көшуімізге менің Түркиядағы жапон тарихына қатысты зерттеу тақырыбым себеп болды. Сөйтіп, Токио шет тілдері университетінен (TUFS) шақырту алдым. Алдымен өзім бардым, артымнан отбасым келді. Жұбайым Балсан Мәді түркология мамандығы бойынша Памуккале Универитетінің PhD докторанты. Бірнеше кітаптар мен өлең жинақтарын түрік тіліне аударған білікті маман. Қызым Айса жапон балабақшасына барады. Қазақша, жапонша, түрікше, орысша, ағылшынша, испанша сөйлеп үйреніп жүр. Үйде тек қазақша сөйлесеміз», – дейді жас ғалым.

Фото: Олжас Қуанбайдың жеке мұрағатынан

Олжас Бекенұлы Токиоға алғаш 2017 жылы барған.

«Негізі Токиоға дейін 2016 жылы Наго қаласына қарасты Мотобу елді мекенінде тұрдым. Нагодан кейін 2017 жылы Токиоға көшіп, ылғалды суық ауа райын сезіндім. Токионың Щинагава ауданында тұрғанда Тама өзенінің жағасына барып демалып қайтатынмын. Сол өзен жағалауының кеңдігін қазақ даласына ұқсатып, сағынышымды басатын едім. Қазіргі таңда Токионың Фучу ауданында тұрамын. Шынымды айтсам, жаңа орта деп қиналғаным есімде жоқ. Мамандығым жапонтанушы болған соң ба, тіл білгеннен бе, бала кезден Жапонияға аңсап келгеннен бе: «қиын болды дегеннен гөрі, қызық әрі таңсық болды» десем болады. Қазақстанда жүргенде де үйде кимчи, күрішті қос таяқшамен жеп, жапондарға еліктеп, Шығыс Азия тамақтарын жақсы көретінмін. Бір есімде қалғаны, ең алғаш Қазақстаннан Наха қаласына келген кезде ұшақтан түсе сала ыстық моншаға кіріп кеткендей сезімде болдым. Футболкам бірден жабысып, ыстық монша мен тұзды теңіз иісі мұрныма келгенін білемін. Жаңа ортаға бейімделуден бұрын ең қиыны – туған елге деген сағыныш дер едім», – дейді Олжас Қуанбай.

ЖАПОНДАРДЫҢ ЖЕТІ ЖАҚСЫ ҚАСИЕТІ

Фото: Олжас Қуанбайдың жеке мұрағатынан

Ол жапондардың жақсы қасиеттеріне тоқталып өтті.

«Біріншіден, жапондарда уақытқа қатысты жауапкершілік аса жоғары деңгейде қалыптасқан. Кездесуге, іскерлік жиынға кешігу немесе қоғамдық көліктің кешігуі жапондық әлеуметтік норма тұрғысынан еш қабылданбайтын құбылыс. Бұл тек тәртіпсіздік, ұятсыздық әрі аморальдық мәселе ғана емес, сонымен қатар басқа адамның уақытын құрметтемеудің айқын көрінісі. Мысалы, Жапонияның теміржол компаниялары пойыздың кешігуі бірнеше секунд болса да ресми кешірім хатын таратады. Бұл елде адамдар өзінің де, өзгенің де уақытына құрметпен қарайды.

Екіншіден, балабақшадан бастап-ақ баланы өз ортасын, мектебін, киімін, оқулықтары мен сөмкесін өзі жинап, көше мен саябақты таза ұстауға тәрбиелеу жүйесі қалыптасқан. Бұл дербес жауапкершілік пен ұжымдық игілікке деген сана-сезімнің ерте жастан қалыптасуына негіз болады. Мектептен қалыптасқан «осоуджи» お掃除 үй жинау дәстүрінің қоғамдағы көрінісі бар. Балабақша мен мектептен бастап сыныптың еденін жуу, қоқыс  тастамау, парта-орындық секілді мектеп құралын бояп-сызып, атын жазып кетпеу секілді қарапайым, бірақ қоғамға өте қажет дағыдаларды баланың бойына сіңіріп өсіреді.

Үшіншіден, Жапон еңбек мәдениетінде әрбір жеке адам өз ісін күнделікті жетілдіруге – Кайдзенге 改善 ұмтылуы керек деген қағида бар. Жапон қоғамында жеке жетістікті көрсетуден гөрі, ұжымдық нәтижеге үлес қосуды жоғары бағалау үрдісі басым. Яғни, өзін-өзі көрсету емес, керісінше жеке адам өзінің нақты іс-әрекетімен белгілі бір топ, орта, сынып, әріптестер секілді шағын қоғамның игілігіне барын салып қызмет ету мәдени құндылығы бар. Сол өзінің шағын ортасымен бірге көтерілуге басымдық береді.

Төртіншіден, жұмыс барысында жапондар қателік, олқылық жіберсе – сол қателігі қоғамға зиянын тигізбесін деп дереу мойындай біледі. Мысалы, жапон тіліндегі 行灯 сөзінен шыққан Андон жүйесі – Toyota компаниясы ойлап тапқан өндіріс әдісі. Орта Азияда көп жағдайда жұмыс орнында қателегімізді сол жерде мойындамай жасырып қаламыз, оның арты жақсылыққа апармай жатады… Сондай-ақ, жапон компанияларының басшылары дағдарыс кезінде (мысалы, Mitsubishi немесе Toshiba шейленісі) баспасөз алдында бас иіп, қоғамнан кешірім сұрау «шядзай кайкен» 謝罪会見 салты жеке беделден гөрі ұжымдық жауапкершілікті жоғары қоятын мәдениеттің көрінісі. Жапонияда басшылар жұмысшылардан бірінші келіп, ең соңғы болып қайтады.

Бесіншіден, Жапония ұлттық құндылықтарын сақтай отырып, технологиялық прогреске бейімделудің жарқын үлгісін көрсете білген ел. «Модернизация дәстүрді жоққа шығармайды» деген жапондық дүниетанымдағы «Ва»和 үйлесімі осы тұжырымының практикалық дәлелі. Мысалы, Киотодағы ғасырлар бойы жұмыс істеп келе жатқан отбасылық кәсіпорындар, 1400 жылдан астам тарихы бар Kongō Gumi құрылыс компаниясы дәстүрлі қолөнерді заманауи технологиямен ұштастыра білуімен танымал.

Алтыншыдан, қиындықты сыртқа шығарып шағымданбай, ішкі тепе-теңдікті сақтай отырып ауыртпашылықты еңсеру Гаман 我慢 төзімділік пен ұстамдылық қағидасы – жапон менталитетінің негізгі сипаттамаларының бірі. Бұл эмоцияны басу емес. Қарапайым тілмен айтқанда, адам лық толы метро, қоғамдық көлікте қатты сөйлемеу, телефонмен мүлде сөйлеспеу, иықтіріскен автобус, метрода итеріспей, боқтық сөз айтпай, сөмкедегі заттармен елге бөгет жасамай ұстамдылықпен тұра білу. Төзімділік қасиеті апатты жағдайларда да білінеді. Мысалы, 2011 жылғы Тохоку жер сілкінісі мен цунамиден кейін зардап шеккендердің азық-түлік үшін ұзын кезекте дауыс көтермей, тәртіппен тұруы әлемді таңғалдырған оқиға болды.

Жетіншіден, жапондарда кез-келген кішігірім іс болса да жоғары сапамен, ұқыптылықпен әрі егжей-тегжейлі мұқияттылықпен орындау дағдысы бар. Бұл принцип өндірістен бастап тұрмыстық қызмет көрсету саласына дейін бірдей қолданылады. Мысалы, қанша технология дамып кетсе де теміржол қызметкерлерінің метроларда қауіпсіздікті саусақпен тексеріп, дауыстап қадағалау әдісі – Шисаканщё 指差喚呼қауіп-қатерді болдырмауға тырысады. Немқұрайлылық жоқ. «Ел істемегенді мен несіне істеуім керек» деген мүлде жоқ. Токио полициясының деректері бойынша, жыл сайын миллиондаған долларға пара-пар қолма-қол ақша мен заттар иесіне тегін қайтарылады. Мұны Жапонияның шағын полиция бекеттері «Кобан» 交番 жүйесі қамтамасыз етеді», – дейді Олжас Бекенұлы.

Олжас Қуанбай Жапондардың бойындағы жақсы қасиеттерге ғылыми объективтілік тұрғысынан қарайды, яғни бұл қасиеттерді қазақ халқына механикалық түрде көшіру емес, қазақ қоғамының өз құндылықтарына үйлестіре бейімдеу тиімдірек екенін айтты.

ҚАЗАҚҚА «ҚОЛДАН КӨП НӘРСЕ КЕЛЕДІ» ДЕГЕН ИДЕОЛОГИЯ КЕРЕК

«Айта кетерлігі, мен атап өткен жапондарға тән қасиеттер белгілі бір тарихи-әлеуметтік контексте қалыптасқан. Мысалы, Токугава дәуіріндегі қауымдастық мәдениеті, соғыстан кейінгі ұжымдық қалпына келтіру тәжірибесі. Мен атап өткен жақсы қасиеттерді қазақ халқына механикалық түрде емес, қазақ қоғамының өз құндылықтарымен үйлестіре бейімдеу тиімдірек болар еді. Біз ең алдымен өзімізді тани білу керекпіз. «Қазақ жалқау, қазақ жалтақ» дегенді қою керек. Егер қазақ жалқау болса, ата-бабаларымыз сонау таңғы төртте малын өріске шығарып, қақаған қыста қанша отар мал баға алмас еді. Оған да үлкен еңбекқорлық қажет. Мал бағу – дәнді дақыл өсіру емес, мал – тірі тіршілік иесі, оның тілін тауып, баптай білу керек. Яғни, қазақ халқы алғаш жылқыны қолға үйреткен, тірі табиғаттың тілін ұға білген текті де дана халық болғандықтан «Қолымыздан көп нәрсе келеді» деген иедологияны тарату керек. Егер қазақ жалтақ болса ғасырлар бойы Алтайдан Атырауға дейінгі 5 Франция мен 7 Жапония сыятын кең-байтақ даламызды қалай алып қалды?! Ел мен жерді сақтап қалу үшін ең алдымен өзіміздің ұлттық құндылығымыз бен болмысымызды терең ұғынып, оны инновациялық даму жолында жапондар секілді тиімді пайдалана алуымыз керек», – дейді жас ғалым.

Фото: Олжас Қуанбайдың жеке мұрағатынан

Олжас Бекенұлының айтуынша, қазақ қоғамында «жеті ата» жүйесі, туыстық дәрежені білу міндеттілігі, құда-жегжаттық қатынастар әлеуметтік капиталдың берік институты болып сақталған, ал Жапонияда мұндай қарым-қатынас әлсіреп кеткен.

«Жапонияда индустрияландыру мен урбанизация процесі (әсіресе 1960-80 жж.) дәстүрлі отбасылық құрылым – «Иэ» 家 жүйесін ыдыратып, нуклеарлық отбасы моделіне ауысуды тездетті. Нәтижесінде туыстар арасындағы жүйелі қарым-қатынас әлсіреді. Қазақ мәдениетінде «кенже ұл ата-анамен қалады» деген дәстүр институционалдық деңгейде сақталған. Ал Жапонияда бұл модель ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап әлсіреп, «Кодокуши» 孤独死 – жалғыз қартайып, ешкім білмей қайтыс болу құбылысы демографиялық-әлеуметтік мәселеге айналып кетті. Өкінішке қарай, бұл Жапонияның ресми статистикасында да мойындалған нақты мәселе. Жапондық модель жеке кеңістікті құрметтеуге негізделсе, қазақтық модель туыстық қолдау желісінің тұрақтылығына бағытталған. Әрбір жүйенің өз әлеуметтік салмағы бар. Жапонияда тұратын қазақ ретінде айтарым, көп қарт-қариялар қарапайым араласуға, сөйлесуге мұқтаж, негізі мәселе – физикалық әрі рухани жалғыздық…», – дейді ол.

Олжас Қуанбай жапон дүниетанымы мен қазақ дүниетанымындағы айырмашалыққа тоқталып өтті.

«Жапондарда сәтсіздікті эстетикаландыру «Ваби-саби» 侘び寂びфилософиясы бар, яғни қайғыны, апатияны, тіпті сынған ыдысты жалғау өнерін сұлулық ретінде қабылдайды. Ұжымдық тәртіп пен жеке ішкі бостандықтың қатар өмір сүруіндегі қатаң қарама-қайшылықтарды «әдемі өмір» деп қабылдай білу жапондарға ішкі тыныштық береді. Сырттай қарағанда қатаң формалды тәртіпке бағынған қоғам ішінде шексіз шығармашылық еркіндіктің дамуы әлеуметтану тұрғысыдан күрделі құбылыс екенін атап өткім келеді. Осы концептуалдық парадигмалардың әрқайсысы жапон мәдениетінің ішкі диалектикаға толы жүйе екенін көрсетеді деп ойлаймын. Жапон эстетикасында, сәулет өнерінде, тіпті сөйлеу мәнерінде «Ма» 間ұғымы «үнсіздіктің», «бос кеңістіктің» өзі мағыналы элемент ретінде қарастырылады. Қазақы ойлау жүйесінде «үнсіздік», «тыныштық» қарым-қатынас мәдениетінде негативті түрде бағаланса, жапон дүниетанымында «бос кеңістік», «үнсіздіктің» өзі құндылыққа ие, әрі мәні мен мағынасы бар болуы секілді жоғарыда аталған жапондық болмыс ерекшеліктері маған әлі де таңғаларлық көрінеді», – дейді Олжас Бекенұлы.

ЖАПОНИЯЛЫҚТАР ҚАЗАҚСТАН ТУРАЛЫ НЕ БІЛЕДІ?

 Жапондар Қазақстан туралы біле бермейтіні туралы айтты.    

 «Алғаш танысқанда жапондар «-стан» жұрнағымен аяқталатын елдер (Ауғанстан, Пәкістан) туралы БАҚ-тағы жиі қайталанатын жанжалды контекст салдарынан «Қазақстанда соғыс бар ма, қауіпсіз бе?» деп сұрайды. Тіпті, көбі Қазақстан деген ел бар екенін, қайда орналасқанын біле бермейді. Егер Қазақстан жайлы естіп-білгені болса «-стан» елі болған соң бұлар міндетті түрде орыс тілінде сөйлейді деп топшылайды. «Денис Тен қазақстандық мықты спортшы еді» деп айтып жатады. Ал Димаш Құдайбергенді  танитындар өте аз. Қарапайым тіршіліктегі жапондарда «қазақ ұлты», «қазақ тілі» деген ұғым жоқ, олар үшін Орталық Азия бір-бірімен араласып кеткен, ұғынықсыз ұлттардың шимай-шатпақ қосындысы деп ойлайды. Сол себепті де, «қазақ тілі» деп емес, «Қазақстан тілі қандай тіл?» деп сұрайды. Жалпы, бұл құбылысты когнитивтік қолжетімділік cognitive availability феномені десек болады. Яғни, шетелдіктер таныс емес аймақ туралы БАҚ-та жиі кездесетін бірен-саран ассоциация (танымал спортшы есімі, тамақ, лингвистикалық ұқсастық) арқылы жалпы түсінік қалыптастырады. Бұл тұрғыда ең өкініштісі, Жапонияға келетін ҚР азаматтары әлі күнге дейін орысша сөйлейтіндігі. Тіпті орысшамызды естісін деп қоғамдық көлікте қатты сөйлейтін қазақтарды да көріп қатты қынжылдым. Шетелдіктерге, жапондарға түсінбесе де қоймай орысша сөлейтін қазақтарды да кезіктірдім. Адамның өз ұлтына, өзіне деген құрметі ана тілінен басталуы керек деп ойлаймын», – дейді жас ғалым.

ЖАПОН ТІЛІНІҢ ТІЛДІК ҚҰРЫЛЫМЫ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ЖАҚЫН

Фото: Олжас Қуанбайдың жеке мұрағатынан

Олжас Бекенұлы жапон тілі не себепті әлемдегі ең күрделі тілдердің бірі саналатыны туралы айтты.

«FSI (Foreign Service Institute, АҚШ) классификациясы бойынша ағылшын тілді үйренушілер үшін жапон тілі ең жоғары қиындық санатына жатады («Category V», шамамен 2200 сағат оқу қажет). Ал қазақтар үшін жапон тілінің тілдік құрылымы қазақ тіліне өте жақын. Жапон тілін алғаш меңгергенде қазақша ойлап сөйлем құраса дәл шығатынын да атап өткім келеді. Яғни, жапон-қазақ тілдері К.Аханов, М.Киэдалардың зерттеулерінде айтылғандай, жалғалмалы тілдер тобына жататындықтан, етістік сөз соңында келеді. Яғни, флектативті ұғым аясындағы халықтарға қарағанда, агглютинативті тілдер тобына жататын түркі тілдес ұлттарға корей, жапон тілдерін үйренуге жеңілірек», – дейді ол.

Сондай-ақ, Олжас Қуанбай Жапония Конституциясында (1947 ж.) жапон тілін ресми немесе мемлекеттік тіл деп жариялайтын нақты бап жоқ екенін айтты.

«Бұл салыстырмалы конституциялық құқық тұрғысынан ерекше жағдай, себебі көптеген мемлекеттер тіл мәртебесін негізгі заңда бекітеді. Жапон тілінің ресми мәртебесі заңнамалық актіде тікелей жарияланбаса да, мемлекеттік басқару, сот ісін жүргізу, білім беру жүйесі «Мектеп білімі туралы заң»  сияқты салалық заңдар арқылы жанама түрде бекітілген. Мұны құқықтанушылар «де-факто мемлекеттік тіл» деп атайды. Мэйдзи дәуірінен бастап ұлттық біртұтастық пен тілдік біртектілік әлеуметтік норма ретінде берік қалыптасқаны соншалықты, заң шығарушылар оны арнайы конституциялық түрде бекітуді қажет санамаған. Яғни тіл мәселесі саяси-құқықтық талас-тартыс нысаны болмағандықтан, формалды кодификация қажеттілігі туындамаған. Бұл жағдай тілдің мемлекеттік мәртебесі міндетті түрде конституциялық норма арқылы ғана емес, әлеуметтік-институционалдық тәжірибе арқылы да қалыптасуы мүмкін екенін көрсететін ғылыми тұрғыдан қызықты прецедент дер едім», – дейді ол.

«АРДАҚТЫ АТА-АНАМ СӨЗБЕН ЕМЕС, ІСПЕН ӨНЕГЕ КӨРСЕТТІ»

Фото: Олжас Қуанбайдың жеке мұрағатынан

 Олжас Бекенұлының туған ағасы Шыңғыс Бекенұлы Францияда ғылым жолында жүр. Оларды ғылымға баулыған – ата-анасы.

«Біз үйде 4 баламыз. Екі үлкен әпкемнен кейін ағам екуеміз. Ата-анамыз барлығымызды бала кезден ең қарапайым нәрселерден бастап: тұра сала төсек жинау, шұлық, киімді шашып кетпей бүктеп жинап жүру, киіміңді таза ұстау, аузыңдағы сөзіңе дейін таза сөйлеу секілді күнделікті өмердегі маңызды әрі қарапайым дағдылармен тәрбиелеп өсірді.

Асқар тау әкеміз – Бекен Ұқанұлы Қуанбаев біздің кітапқұмар болып өсуімізге тікелей себепкер. Үйде ата-анам екеуі жинаған үлкен кітапханамыз бар. Үйдегі дастархан басындағы әңгімеміз кішігірім конференция, қызу пікір алмасу болып өтетін. Шәй ішіп отырған кезде әкем өзі оқыған әлем әдебиеті, тарих, экономика, география, астраномия секілді әртүрлі сала, әртүрлі жанрдағы кітаптардан қаншама жағымды-жағымсыз кейіпкерлерді айтып, соның төңірегінде терең пікірлер, қызу сараптамалар жасайтын. Оны тыңдау бізге де қызық еді. Әкемізден ұят болмасын деп, сол пікірталасқа қосыла алу үшін келесі шәй ішкенше сол кітапты оқып, мазмұнын, кейіпкерлерін ұғынып келуге тырысатынбыз. Бала кезден осылай қалыптасқан. Әкем көп кроссворд, сканворд шешеді. Бала кезден біз біле бермейтін терминдармен сөйлеп, бізді ғылымға қызықтыратын. Дүниетанымымыз кең болуы үшін Совет энциклопедиясы, Britannica энциклопедиясы секілді ғылыми еңбектерді оқығанымызды қалайтын. Аяулы анамыз Алтынхан Есілханқызы Сыдықова  қырық жыл ұстаздық еткен ардагер ұстаз. Қазақстанның Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсари атындағы медель мен Б.Момышұлы атындағы батыр шамағаты медалінің иегері. Президенттің бастамасымен шыққан Қазақстанның «100 қайраткер әйел» жинағына енген. Барлығымызды білім мен ғылымға жетектеген әрине ақ жаулықты анамыз. Әкем Шыңғыс Айтматов пен Олжас Сүлейменовтың  барлық шығармаларын орысша да, қазақша да сүйіп оқыған соң, ұлдарым да еліне пайдасы тиер жазушы, ғалым болса екен деп есімдеріміздің осы тұлғалардың құрметіне қойған», – дейді ол.

Олжас мырза балалық шағы қалай өткеніне тоқталып өтті.

«Балалық шағымыз бақытты өтті. Ата-анамның әдісі қызық еді: еден жусақ кәдімгі баға аламыз. Үй жинау тұнып тұрған математика, щұлықты жұп-жұбымен жинау, шәй ішуіміз шағын конференция. Бала болып ойнап жүріп өлең, жыр жаттап жүреміз. Анам бауырсақ пісіріп жүріп маған сурет, натюрморт салғызады. Ет асып жүріп қызықты әңгімелер айтады. Әдеттегі үй шаруамыз әлемдік тарихи, әдеби оқиғалармен ұштастырып, еңбекке баули жүріп бойымызға мол білім, тәрбие сіңірді. Ата-анамның бір-біріне дауыс көтергенін естіген емеспіз. Әкем темекі, арақ секілді жаман әдет-қылықтардан мүлде аулақ болды. Әкемнің алдынан шығып, аяқ киімін сүртіп қоятынбыз. Олар бір-бірімен бақытты болған соң біз де алаңсыз өстік. Ата-анам «Құлша істе, бише іш” деген қағиданы ұстанды. Отырғызып қойып ақыл айтпады, бірақ олардың іс-әрекеті бізге үлгі-өнеге болды», – дейді Олжас Қуанбай.

«Ағам екеуміз де бір мектептің түлегіміз. Шыңғыс ағам Нұрділда Ораз, Бейбіт Қорғанмен сыныптас еді. Домбырада шебер ойнайды, ШҚО облысы «Жігіт сұлтаны» атанған. Студенттік шағында Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде (Политех) үздік оқыған.  Үлкен әпкеміз Бибігүл де сол Политехты ағама дейін алтын медальмен үздік бітірген. Ол сонау 2002 жылдары Лондонда оқып келді. Ал екінші апайым Нұргүл, Измир қаласындағы Dokuz Eylül Üniversitesi ЖОО-ның түлегі. Кейін, Швеция елшілігінде істеп, Швецияның Eskilstuna қаласына қызмет бабымен барды. Уақыт өте келе әпкелеріміз артынан ерген бауырларының ғылымда болуына үлкен қолдау білдірді. Шыңғыс ағамның еліне сіңіріп жатқан еңбектерінің бірі – Қазақстан Республикасының өлшем нәтижелері мен сертификаттарының шетелде танылуына, яғни Отандық өнімнің экспортқа шығуына, озық технологиялардың ҚР-ға тез жетуіне қажетті «техникалық кедергілерді» жоюға атсалысуда. Оның беделді Халықаралық (BIPM) ұйымда ҚР мүддесін қорғауы елдің дамуына өлшеусіз үлес қосуда. Бұл ұйым әлемдік эталондарды (мысалы, масса, ұзындық, өлшем бірліктері) қадағалайды. Еуропада ҚР атынан «Ученый хранитель гос эталона» ғылыми дәрежесінің тұңғыш иегері», – дейді Олжас Бекенұлы.

 

«ЖАПОНИЯДАҒЫ ҚАЗАҚ ТАРИХЫНА ҚАТЫСТЫ ҚҰНДЫ ҚҰЖАТТАРДЫ ЕЛГЕ ЖЕТКІЗГІМ КЕЛЕДІ»

Фото: Олжас Қуанбайдың жеке мұрағатынан

2023 жылғы дерек бойынша, Олжас Қуанбай жазған ғылыми мақалаларға шетелдік және қазақстандық 20 басылым сілтеме жасаған. 2019 жылы жазған жапон-қазақ тілдерінің тамырластығы туралы ғылыми мақалаңызды 4600-ге жуық адам оқып, жүктеп, керегіне пайдаланған.

«Жарыққа шыққан ғылыми мақалаларыма, ұжымдық монографияларымыз бен архивтік құжаттарымызға сілтемелер беріліп жатқаны қуантады. Менің бакалавр, магистратура, докторантурадағы мамандығым – жапон тарихы. Зерттеу алаңым – Жапонияның Мейджи дәуірі. Дегенмен, кез келген шығыстанушының ұлты алдындағы тағы бір перзенттік парызы – туған елінің тарихын шет елге таныту, шет елдегі қазақ тарихын Қазақстанға жеткізе білу деп есептеймін. Қазіргі таңда Токиода жапон тарихнамасындағы Орталық Азия, түркі халықтары, қазақ халқы жайлы жазылған жапон тіліндегі осыдан шамамен 200 жыл бұрынғы архивтік деректерді қазақ, ағылшын, орыс тілеріне аудару, талдау, зерттеу жұмыстарымен айналысып жатырмын. Бұйырса жақын уақытта тың деректер негізіндегі зерттеу еңбегім де жарық көреді. Ғылым жолында Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының бас директоры, ҚР Ұлттық ғылым академиясы академигі, т.ғ.д., профессор Зиябек Ермұханұлы Қабылдиновке шәкірті ретінде алғысым шексіз. Институтымыздың еңбекқор ұжымына да мың алғыс. Аяулы ұстазымыз Зиябек Ермұханұлы ғылымда қанша жастардың жолын ашып, олардың биік белестерді бағындыруға орасан зор еңбек сіңіріп келеді», – дейді ол.

Олжас Бекенұлы Жапонияда ғалымдардың еңбегі жоғары бағаланатынын айтты.

«Жапонияда ғылыми жетістік үшін ең жоғары мемлекеттік мәртебе Бунка Кунщё 文化勲章деп аталатын «Мәдениет орденi» беріледі. Оны жыл сайын император жеке өзі табыстайды. Сонымен қатар, 1879 жылы негізі қаланған Нихон Гакущиин «Жапон ғылым академиясы» 日本学士院мүшелігі өмір бойғы құрметті мәртебе ретінде бағаланады. Толық профессордың орташа жылдық жалақысы 9,6 миллионнан 13 миллион иенге дейін ауытқиды, ал ұлттық университеттерде орта есеппен 10,9 миллион иенді құрайды. Салыстырмалы түрде, бұл көрсеткіш АҚШ-тағы профессорлардың орташа жалақысынан (150 мың доллардан жоғары) төмен, бірақ Еуропаның орта деңгейіндегі елдерімен шамалас. Мемлекет ғалымның жұмыс тұрақтылығын «білім иесінің әлеуметтік мәртебесі нарықтық ауытқуларға тәуелді болмауы керек» деген принципті бекітеді. Жапон еңбек нарығының жалпы ерекшелігі, жоғары жалақыдан гөрі тұрақтылық пен ұзақмерзімді әлеуметтік кепілдікке басымдық беру. Дегенмен, соңғы онжылдықта жас ғалымдар арасында «тұрақты лауазымға қол жеткізудің қиындауы», құрмет символикасы кейде нақты кәсіби қолдау тапшылығын жасыруы ықтимал деген сыни пікір де бар екені рас», – дейді ол.

Олжас Бекенұлынан Жапонияда өмір сүрген жылдар ішінде өзінен қандай өзгерістер байқағанын сұрадым.

«Иіліп кешірім сұрау, адамдардың уақытын алмау, адамдарды себепсіз көп мазаламау, тұйықтық сезімдері артқан секілді. Өзімнің де жаратылысым тұйықтау  болған соң ба, Қазақстанда жүргенде де қонаққа барсам ерте қайту, аяқ киім шешсем кіре беріске бұрып қою, әр киім-кешек, затыма аты-жөнімді жазып қою секілді жапондарға тән қылықтарым болғаннан ба – Жапонияда жүріп осы елдің мінез-құлқын өз бойыма одан ары сіңіріп жатқандаймын. Әлбетте, қанмен келетін қазақы болмысым мен үшін, келешек ұрпағым үшін әлдеқайда құнды да қастерлі болғандықтан, ұлттық сана-сезім мен болмысымды әсте жоғалтпаймын. Қазаққа тән ашық-жарқын араласу тек өзімнің қазақтарыммен ғана секілді», – дейді Олжас Қуанбай.

Фото: Олжас Қуанбайдың жеке мұрағатынан

Ол барлығын тастап, елге қайтқысы келетін сәттер де болатынын айтты

«Иә, бұл сезімді мен ғана емес, кез-келген жырақты жүрген қазақтың қара домалақ баласы сезінетін ішкі күй деп ойлаймын. Бұл өмір өткінші фәни дүние ғой… Қамшының сабындай ғана қысқа ғұмырда адам баласы бір-біріне қонақ…Туыс-туғанмен арқа-жарқа болып, ата-анаммен бірге мың жасаған қандай бақыт деп ойлаймын. Сондай кезде сағыныштың сары уайымын арқаламай, бәрін тастай сала қайтып кеткім-ақ келетін кездер көп болады. Күндіз-түні ата-анамды, әпкелерімді ойлап уайымдайтыным рас. Құдай Тағала мендей құлын бекер жапонтанушы қылмаған шығар, елімнің қазыналы тарихы мен жапон тарихына қатысты іргелі еңбектерді туған еліме мәңгі мұра қылып қалдырсам екен деймін», – дейді ол.

МАҚСАТ РАҚМЕТ, ӘСЕТ ЕСЖАН, ЕРТАЙ СҰЛТАНМЕН БІРГЕ ӘН АЙТАТЫНБЫЗ

Олжас мырзаның ғылым жолында жүргеннен бөлек ән айтатын өнері де бар.

«Бала кезден ән-жыр айтамын. «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» дейді ғой. Бала күнгі арманымның бірі – әнші болу еді. Сонау 1996 жылдары туған жерім Барлық-Арасанда жарық өшіп қалса әкемнің КамАЗ жүк көлігінің аккумуляторын үйге алып келіп, кассетадан Әлібек Дінишев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, Роза Рымбаева, Нұрлан Өнербаев, компазитор Шәмші Қалдаяқовтардың керемет классикалық әндерін тыңдап, айтып өстім. Бала күнімнен өнер мен ғылымға қатар баулығын ардақты ата-анама, Бибігүл апайыма өмірлік алғысым шексіз. 1999 жыл болуы керек, анам мен Бико апайым «Қазақ радиосы» ұйымдастырған жарысқа дайындап, батырлар жыры, «Бес ғасыр жырлайды» кітабын, зар заман ақындарын толық жаттап, Республикалық «Балақай Радио Фестивальде» бас жүлде иелендім. Жыл сайын Абай оқуларына қатысып, жүлделі болып жүрдім. Анам ұстаз болған соң көптеген бәйгеге қосып, бала күннен мектеп қабырғасында Республикалық, облыстық, аудандық, өнер мен интеллектуалды жарыстардың талайында жеңімпаз әрі жүлделі орындар иегері болып жүрдім. Жоғары сынып оқып жүргенде Мақсат Рахмет, Әсет Есжан үшеуіміз «Сағым» деген топ құрып, МұзАртқа еліктеп ән айтып жүрдік.

Ал опера бағытында итальяндық Belkanto мектебін үйреткен аяулы ұстаздарым Асқар аға, Лиза апай Калгуловаға мың алғыс. Асқар аға 2014 жылдары Австрия, Германия, Ресейдің үлкен театрларына менің дауысымның таспасын жіберіп, олармен біраз байланыс орнатты. Олар альтино дауысты Олжас бізге керек деп ұсыныс та айтқан», – дейді ол.

ҚАЗАҚ ҒЫЛЫМЫ ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНЕ НЕ БЕРЕ АЛАДЫ?

Олжас Бекенұлы қолы бос кездерде сурет салады.

Фото: Олжас Қуанбайдың жеке мұрағатынан
Фото: Олжас Қуанбайдың жеке мұрағатынан

«Негізі авто дизайн салғанды жақсы көремін. Бала күнгі жапон тілін үйренудегі тағы бар қиял арманым – Қазақтың өз көлігі болса деген балалық арман ғой. Ол кездері көлік дизайны тұрмақ өз көлігіміз де жоқ еді, қазір де жоқ», – дейді ол.

Жас ғалым Қазақстандағы ғылым жолын таңдағысы келетін жастарға кеңес айтты.

«Ғылым жолындағы жастарға айтарым, ел игілігі үшін Абай, Ыбырай, Алаш ардақтылары істеп үлгермеген істі атқарып үлгеріп қалыңыздар. Қай ғылым саласы болсын ұлтжанды ғалымдар керек, яғни қазақ даласының асты-үстіндегі байылығын қазақтың қолына ұстататын, шет тілдерін жетік білетін қазақтілді ғалымдар керек. Сан ғасырлар бойы ұлан ғайыр даламызды қорғап келген қазақтың ғылымда кеткен есесі өте көп, соның орнын толтыруға қандай ғылым саласы болсын ұлттық ұстаным тұрғысынан атсалысу керек. Неге әлем елдері корей, жапон  тілдерін меңгергісі келіп тұрады, себебі ғылымда аянбай тер төгіп әлемге, Hyunday Toyota мінгізген ғылымның қадіріне жеткен еңбекқор халықтар. Жас ғалымдар «Әлем елдеріне қазақ ғылымы не бере алады?» деген сұраққа бас қатыру керек. Кез келген ғылым саласындағы еңбектерді қазақ тілі мен әлем тілдерінде жариялап, қазақ тілінің ғылыми қолданылу аясын кеңейтуге, ғылыми беделін арттыруға ерекше назар аудару қажет. Ал шет тіліндегі Қазақстандық ғылыми еңбектер қазақ ғылымының әлемге  таныла түсуіне септігін тигізеді», – дейді жапонтанушы Олжас Қуанбай.

Back to top button