Тоқаев Трампты АҚШ тәуелсіздігіне 250 жыл толуымен құттықтады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трампқа құттықтау жеделхатын жолдап, АҚШ-тың тәуелсіздігіне 250 жыл толуымен құттықтады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Президент Америка халқының еркіндік, теңдік және әділдік қағидаттарына бейіл екенін паш ететін бұл айтулы күннің айрықша тарихи маңызын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев жеделхатында Дональд Трамптың Қазақстан мен АҚШ арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалап, екі мемлекет арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі тереңдетуге Қазақстанның дайын екенін жеткізді.
Сонымен қатар Президент АҚШ басшысына жауапты мемлекеттік қызметінде табыс, ал достас АҚШ халқына бақ-береке тіледі.
Айта кетейік, 4 шілде – АҚШ-тың Тәуелсіздік күні. Дәл осы күні, 1776 жылы Тәуелсіздік декларациясы қабылданып, Америка Құрама Штаттары Ұлыбританиядан тәуелсіз мемлекет ретінде жарияланған болатын. Биыл бұл тарихи оқиғаға 250 жыл толып отыр.