Аттракционда қызметкердің аяғы шайналып қалған: саябақ тексеріс біткенше жабылды
Осыдан екі апта бұрын Қызылордада “Арай” саябағындағы аттракционда қызметкердің аяғы қысылып, ауыр жарақат алған болатын, деп хабарлайды Tizgin.kz Kazinform-ға сілтеме жасап.
ӘКІМДІК ЖАУАБЫ
Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі аттракциондар саябағында болған оқиғаға қатысты тың мәліметтерді жариялады. Ведомство мәліметінше, саябақтағы аттракциондар ресми түрде тіркелмеген.
“Бөлімде тек қалалық мәдениет және демалыс саябағы мен Президент саябағында орналасқан аттракциондар ғана тіркелген. Қалғандары – жеке кәсіпкерлік нысандары. Сондықтан олардың иелері өздері өтініш беріп, аттракциондарды тіркеуі тиіс. Алайда “Арай” саябағы тарапынан аттракциондарды есепке қою туралы ешқандай өтініш түспеген”, – делінген қалалық ТҮКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміндегілер.
МӘН-ЖАЙЫ
Сондай-ақ облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы мен қала әкімдігі өкілдері былтыр 21 мамыры мен 20 тамызында жаңадан орнатылған аттракциондар мен балалар ойын алаңдарын қолданыстағы стандарттарға сәйкес тіркеу қажеттігі туралы ескерту жасағанын атап өтті.
Бірақ бұл талаптар орындалмағандықтан қайғылы жағдай болған. Оқиға салдарынан қызметкердің аяқтарын аттракцион механизмі қысып қалып, дәрігерлер оларды ампутациялауға мәжбүр болған.
Қазір еңбек қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Тергеу аяқталғанға дейін саябақтағы аттракциондар аймағы жабық болады.