Жаңалықтар

Жамбыл облысында ауыл кәсіпкері тұшпарамен үш ауданды қамтып отыр

Еліміздегі тамақ өнеркәсібі — агроөнеркәсіп кешенінің маңызды бөлігі. Ол ауыл шаруашылығы шикізатын өңдеп, дайын тамақ өнімдерін шығарады. Еліміздің аумағында ұн, сүт, ет, балық және май өнімдерін өндіретін мыңдаған кәсіпорын жұмыс істейді. Солардың бірі Шу ауданында орын тепкен ет және ұн өнімдерін өндіретін цехы, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Көктөбе ауылында орналасқан «Б.Р.Орманбеков» жеке кәсіпкерлігі аудан тұрғындары мен көршілес өңірлерді «Дастан» атты тұшпарамен қамтамасыз етіп отыр. Жеке кәсіпкер Жанат Күшманова цехта тұшпарадан бөлек түйілген манты мен қайнақша түрлері, тефтели, фрикадель, фарш сияқты жартылай фабрикаттарды дайындайды.

Кәсіпкердің Көктөбе ауылындағы қос дүкені мен аталған цехта барлығы 20 адам жұмыспен қамтылған. Олардың барлығы ауыл тұрғындары. Іргетасын жолдасы қалап берген кәсіпті Жанат Тұрысбекқызы одан әрі дөңгелетіп, кеңейтіп отыр.

Жартылай өнім шығаратын цехта 10-ға тарта адам жұмыс істейді. Қызметкерлерге ақылары жасаған жұмыстарына қарай төленеді. Яғни түйілген тұшпараның келісіне белгіленген баға бар. Көбірек істеген қызметкерлердің жалақысы жоғары болады.

«Дастан» сауда белгісімен таралатын өнімдер Шу ауданынан бөлек көршілес Қордай мен Мойынқұм аудандарына жөнелтіледі. Ет өзіміздің орталық базардан арнайы анықтамамен алынады. Алдағы уақытта кәсіпті кеңейткім келеді. Атап айтқанда мұздатқыштар мен тоңазытқыш, басқа да жабдықтарды алып отандық нарыққа шығу ойымызда,-дейді Ж. Күшманова.

Әу баста кәсіпке қарқын беру үшін кейіпкеріміз «Даму» бағдарламасы аясында несие алған. Ал қазір тіршілігі жолға қойылған кәсіпорынға айналып отыр.

Жаңақоғам ауылдық округінің әкімі Марлен Махамадиевтың айтуынша Көктөбе ауылында 45 жеке кәсіпкер бар. Оның ішінде іргелесі «Б.Р. Орманбеков» ЖК болса, кейінгілері шаштараз, тігін цехы мен асхана, дүкендер.

Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев бір сөзінде «Шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс» деп атап өткен болатын. Алақандай ауылдағы осындай кәсіпорындар әлеуметтің әл-ауқатының артуына зор ықпал тигізетіні анық.

Back to top button