ЮНИСЕФ: Әрбір оныншы бала жасанды интеллектіден кеңес сұрайды
13 миллион бала жасанды интеллектіні оқу мен үй тапсырмаларын орындау үшін пайдаланады.
Кемінде 20 миллион бала жасанды интеллектіні пайдаланып жүр. Бұл туралы БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) он елдегі деректерге негізделген талдауында айтылған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ұйымның мәліметінше, балалар жасанды интеллектіні ересектерге қарағанда үш еседен де жылдам меңгеруде, алайда бұл үдерістің салдары әзірге толық зерттелмеген.
Жасанды интеллектіні балалардың ең көп қолданатын салаларының бірі – білім беру. Шамамен 13 миллион бала жасанды интеллектіні оқу мен үй тапсырмаларын орындау үшін пайдаланады.
Бұдан бөлек, екі миллионнан астам бала, яғни әр оныншы бала, өзін мазалаған мәселелер бойынша кеңес алу үшін жасанды интеллектіге жүгінетінін айтқан. Сарапшылардың пікірінше, қолданыстағы ережелер мен қорғаныс тетіктері технологиялардың қарқынды дамуына ілесе алмай отыр.
ЮНИСЕФ-тің мәлімдеуінше, балалар жасанды интеллектіні реттеудің жеткіліксіздігінен туындайтын салдармен алғаш болып бетпе-бет келеді және оның әсерін өзгелерге қарағанда ұзақ уақыт сезінеді. Соған қарамастан, олар мұндай жүйелердің қалай әзірленетініне, қандай бизнес-модельдерге негізделетініне және өздерінің жеке деректерінің қалай пайдаланылатынына ықпал ете алмайды.
Жасанды интеллект балаларға білім алу, шығармашылықпен айналысу және бос уақытын тиімді өткізу үшін жаңа мүмкіндіктер ашуы мүмкін. Дегенмен оның когнитивтік дамуға, эмоциялық тәуелділікке және ықтимал қауіптерге әсері туралы деректер енді ғана жинақталып жатыр. Іс жүзінде тұтас бір ұрпақ ауқымды жаһандық эксперимент жағдайында өсіп келеді.
Балалардың өздері де ықтимал қауіптерді түсінеді. Зерттеуге қатысқан он елде сауалнамаға қатысқан балалардың үштен бірі жасанды интеллект алаяқтыққа, алдауға және жалған ақпарат таратуға пайдаланылуы мүмкін екеніне алаңдайтынын білдірген.
Сонымен қатар, әр төртінші бала өзінің фотосуреттері немесе бейнежазбалары дипфейк технологиясының көмегімен өзгертіліп, сексуалдық сипаттағы материалдар жасау үшін қолданылуы мүмкін деп қауіптенеді.
Жасанды интеллектіні басқару мәселелері жөніндегі алғашқы жаһандық диалог қарсаңында ЮНИСЕФ үкіметтерді, жеке секторды және халықаралық серіктестерді балалардың құқықтарын, ең алдымен олардың қауіпсіздігі мен қорғалу құқығын, жасанды интеллектіні жаһандық реттеу жүйесінің өзегіне айналдыруға шақырды.
Ұйым жасанды интеллектінің балалардың дамуы мен әл-ауқатына әсерін зерттеуге инвестиция салуды, заңнаманы және компаниялардың жауапкершілік тетіктерін күшейтуді, жасанды интеллект жүйелерінің қауіпсіздігі мен ашықтығын қамтамасыз етуді, балалар мен ата-аналардың цифрлық сауаттылығын арттыруды, сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымға қолжетімділікті кеңейтуді ұсынады.
Еске сала кетсек, бұған дейін психолог жасанды интеллектіге бауыр басу қаншалықты қауіпті екенін айтқан болатын.
Психолог «адамға ұқсай» түсетін чат-боттар болашақта адамдар арасындағы қарым-қатынас психологиясын қалай өзгертетіні туралы пікірін айтты.
«Менің ойымша, болашақта адамдар жасанды интеллектпен бұрынғыдан да жиі қарым-қатынас жасайтын болады. Чат-боттар оқу, жұмыс, ақпарат іздеу және күнделікті мәселелерді шешуде маңызды көмекшіге айналуы мүмкін. Кейбір адамдар эмоциясын бөлісу немесе кеңес алу үшін де оларға жиі жүгінеді. Дегенмен бұл адамдардың бір-біріне деген қажеттілігін жоймайды. Керісінше, технология дамыған сайын шынайы қарым-қатынастың, жанашырлықтың, сенімнің және адам эмоциясының құндылығы арта түседі. Болашақтағы негізгі міндет – жасанды интеллектіні адамдар арасындағы байланысты алмастыратын құрал емес, оны толықтыратын технология ретінде пайдалану. Цифрлық және шынайы қарым-қатынастың арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды болады», – дейді ол.