TOP-2

Несиесін төлей алмай жүргендер үшін жаңалық: қарызды қайтадан 7 жылға бөліп төлеуге болады

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Бірінші кредиттік бюромен бірлесіп, тұтынушы несиелер бойынша берешекті реттеуге арналған Finkelisim.kz бірыңғай цифрлық платформасын әзірледі, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ПЛАТФОРМА КІМДЕРГЕ АРНАЛҒАН

Цифрлық платформа медиация тәртібімен «бірыңғай терезе» қағидаты бойынша 1 шілдеден бастап жұмыс істейді. Жаңа сервис мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға арналған.

“Енді қарыз алушыға берешекті реттеу мәселелері бойынша әр кредиторға жеке-жеке жүгіну қажет болмайды. Платформада олардың алдында міндеттемелері бар барлық кредитор қарайтын бір өтініш беруге болады”, – делінген ақпаратта.

Медиатор қызметтерін қоспағанда, қарыз алушы ұжымдық реттеу рәсіміне тегін қатыса алады. Бұл ретте 2027 жылы 1 қаңтарға дейін оның қызметтеріне төленетін шығындар банк пен микроқаржы омбудсмандар есебінен өтеледі.

Finkelisim.kz платформасы қарыз алушының барлық кредитор алдындағы берешегі туралы мәліметтерді автоматты түрде жинап, жолданымды қарауға қажетті ақпаратты қалыптастырады. Жолданымды қарап, кредиторлармен талаптарды келісу нәтижелері бойынша қарыз алушыға 5 жылға дейінгі мерзімге, ал халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 7 жылға дейінгі мерзімге берешекті өтеудің бірыңғай кестесі ұсынылуы мүмкін.

КІМДЕР ӨТІНІШ БЕРЕ АЛАДЫ

Платформада өтінішті бір уақытта мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін қарыз алушы бере алады:

  • екі және одан да көп кредитор алдында кредиттер бойынша 90 күнге және одан да астам күнтізбелік күнге созылған мерзімі өткен берешегі бар;
  • кредиттер бойынша жиынтық берешек 150 АЕК- 1 600 АЕК, яғни 2026 жылы 648 750 – 6 920 000 теңге аралығында болады;
  • берешек бойынша өндіріп алу туралысотактілері, нотариустың атқарушылық жазбалары және мәжбүрлеп өндіріп алудың өзге де шараларыжоқ.

Бұл ретте ұжымдық реттеу рәсіміне мынадай қарыздары бар қарыз алушылар қатыса алмайды:

  • ипотекалық қарыздар;
  • автокредиттер;
  • кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты банктік қарыздар немесе микрокредиттер;
  • алаяқтық жолмен ресімделген кредиттер;
  • заңнамаға сәйкес мерзімді әскери қызмет өткеретін қарыз алушыларға төлемдерді кейінге қалдыру берілген кредиттер;
  • медиация тәртібімен дауды реттеу туралы келісім қолданыста болған кредиттер;
  • төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, соттан тыс немесе сот банкроттығы рәсімдері қолданылатын берешек.

ҚАРЫЗ АЛУШЫНЫҢ ӨТІНІШІ ҚАЛАЙ ҚАРАЛАДЫ

Ең алдымен қарыз алушы өзінің жеке басын растап, бөгде адамдар өтініш бермеуі үшін платформада тіркеуден, соның ішінде биометриялық сәйкестендіруден өтуі керек. Содан барып берешекті реттеуге өтініш беруге болады.

Бұдан әрі платформа кредиттік бюро деректері бойынша қарыз алушының ұжымдық реттеу шарттарына сәйкес келетіндігін автоматты түрде тексереді.

Егерқарыз алушы белгіленген шарттар мен өлшем шарттарға сәйкес келсе, платформа реттеу аясына енгізілуі мүмкін кредиттер тізімін жасап, ақпаратты кредиторларға жібереді.

Кредиторлар қарыздар бойынша мәліметтерді тексеріп, берешек мөлшерін растайды. Осыдан кейін платформада қарыз алушыға қол қою үшін құжаттар жіберіледі. Олар:

  • омбудсман шешімі бар хаттама,
  • қарызды өтеудің бірыңғай кестесі,
  • медиатормен шарт,
  • сондай-ақ әр кредитормен медиативтік келісімдер.

ҚАРЫЗ АЛУШЫ ШАРТТАРДЫ ОРЫНДАМАСА НЕ БОЛАДЫ

Қарыз алушы ұсынылған шарттармен танысып, платформада 72 сағат ішінде құжаттарға қол қоюға тиіс. Егер осы мерзімде құжаттарға қол қойылмаса, бұл реттеу рәсіміне қатысудан бас тарту болып саналады.

Құжаттарға қол қойылғаннан кейін кредиторлар реттеу рәсіміне енгізілген кредиттер бойынша берешекті өндіріп алуды тоқтата тұрады. Бұдан кейін қарыз алушы бірыңғай кесте бойынша төлемдерді енгізеді, ал платформа ақшаны берешек мөлшеріне теңбе тең кредиторлар арасында бөледі.

Ұжымдық реттеу рәсімін қолданып, оның аяқталуы туралы ақпаратты кредиторлар кредиттік бюроларға жіберетін болады.

Егер қарыз алушы қол қойылған келiсiмдердiң шарттарын орындамаса, кредитор төлемдердiң 40 күн мерзiмi өткеннен кейiн заңдарда белгiленген тәртiппен берешектi өндiрiп алуға құқылы.

Back to top button