Жаңалықтар

Алматыда такси жүргізушісі шетелдік туристерден заңсыз 150 доллар қағып алған

Алматыда такси жүргізушісі шетелдік туристерден жолақы үшін негізсіз 150 АҚШ долларын талап еткен. Полицияның араласқаннан кейін заңсыз алынған қаражат иелеріне толықтай қайтарылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға Бостандық ауданында болған. Үндістанның екі азаматы халықаралық Алматы әуежайынан қаланың жоғарғы бөлігіне дейін таксимен барған. Сапар аяқталған соң жүргізуші олардан жолақы ретінде 150 доллар сұраған.

Туристер мұнымен келіспей, полицияға жүгінген. Тексеру барысында жүргізушінің жеке басы жедел анықталып, заңсыз алынған ақша шетелдік азаматтарға толық көлемде қайтарылды.

Аталған факті бойынша жүргізушіге қатысты әкімшілік материалдар рәсімделіп, іс мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотқа жолданады.

Алматы полициясы жолаушыларды, әсіресе қала қонақтарын алдап, заңсыз пайда табуға бағытталған кез келген әрекет заң аясында қатаң жауапкершілікке әкелетінін ескертті.

Егер құқыққа қайшы әрекеттердің құрбаны болсаңыз, бірден 102 нөміріне хабарласу қажет.

Back to top button