ЕрекшеЖаңалықтар

Қазақстан АҚШ-пен жаңа сауда баждарына қатысты келіссөз жүргізіп жатыр

Сауда және интеграция министрлігі Қазақстан АҚШ-пен 25 пайыздық сауда баждарын енгізу мәселесіне қатысты келіссөздерді жалғастырып жатқанын хабарлады, деп жазады Tizgin.kz.

Қазақстанның АҚШ-қа жеткізілетін тауарларына 7 тамыздан бастап қосымша 25 пайыздық баж салығы салынады. Тиісті жарлыққа 31 шілде кешке АҚШ президенті Дональд Трамп қол қойды. Қазақстанның сауда министрлігі америкалық тараппен келіссөздер әлі жалғасып жатқанын мәлімдеді.

«Осы процесс аясында маусым айында сауда және интеграция министрлігі өкілдерінің қатысуымен екіжақты кездесу өтті. Қазақстан АҚШ-қа ресми ұсыныс жолдап, онда өзара тиімді сауда ынтымақтастығын дамыту, тұрақты жеткізілімдерді сақтау және нарықтарға әділ қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері қамтылды. Бұл ұсыныс Трамптың 2025 жылғы 2 сәуірдегі жарлығы мен оған енгізілген өзгерістерге сәйкес әзірленді», – делінген хабарламада.

Министрлік Қазақстан сындарлы диалогты қолдайтынын, ал америкалық тарап әрі қарай талқылауға ашық екенін растағанын атап өтті. Сауда министрлігінің бағалауынша, жаңа баждар АҚШ-қа қазіргі уақытта жөнелтілетін экспорттың 95,2 пайызына әсер етпейді. Баж салығы қолданылатын тауарларға: фосфор, ферросилиций, линзалар, бидайдан алынатын клейковина (глютен), аммиак селитрасы (аммоний нитраты) жатады. Ал негізгі экспорттық өнімдердің басым бөлігі жаңа тарифтерге ілінбей, бұрынғыдай шектеусіз жеткізіле береді, дейді ведомство.

Back to top button