Жаңалықтар

Ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру: Сарапшылар неден секемденіп отыр

Қазақстанда ең төменгі жалақыны 150 мың теңгеге дейін көтеру жоспары туралы экономистер болжамы әралуан. Кейбірі мұндай шешім мемлекеттік бюджет шығындарын арттыруы мүмкін екенін айтып отыр, деп хабарлайды Tizgin.kz “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап.

ҚАНША АДАМ ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ АЛЫП ОТЫР

Осыған дейін Үкіметтің ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен 85 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейін көтеру жоспары туралы айтылған болатын. Бірақ осы туралы түпкілікті шешім әлі қабылданбады. Ал мамандар бұл жалақыны “конвертпен” төлеу жағдайларын көбейтуі мүмкін екенін алға тартып жатыр.

Елдегі ең төменгі жалақы деген – жұмыс беруші қызметкерге төлей алатын ең төменгі мөлшер. Бұл көрсеткіш соңғы рет 2024 жылы көтерілді. Мамандар қазір шамамен 1,8 миллион қазақстандық осы деңгейдегі немесе соған жақын жалақы алады деп бағамдап отыр.

ЭКОНОМИСТ НЕ ДЕЙДІ

Экономист Арман Байғанов ең төменгі жалақыны күрт көтеру жұмыс берушілерге едәуір салмақ салады дейді. Неге десеңіздер, олар жалақыны ғана емес, міндетті әлеуметтік аударымдарды да көбірек төлеуге мәжбүр болады.

“Кей жұмыс орындары мен лауазымдар көлеңкелі схемаға ауысуы мүмкін. Өйткені оларды штатқа ресми түрде қабылдау жұмыс беруші үшін тиімсіз. Осы себепті жалақыны бұрынғыдай конвертпен беруі ықтимал. Мұндай қауіп бар. Қазірдің өзінде, әсіресе ауылдарда, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар арасында көлеңкелі еңбек қатынастары көп кездеседі. Ал ең төменгі жалақының өсуі зейнетақы жарналары мен жеке табыс салығы көлемін де арттырады”, – деді экономист.

Байғанов ең төменгі жалақы күрт өссе, онымен қатарласа әлеуметтік жәрдемақылардың да бірқатарын арттыру қажет болатынын жеткізді. Сарапшылар инфляцияның күшеюін де тағы бір тәуекелке жатқызды. Олардың пікірі экономикаға қосымша ақша түсуі бағаның өсуіне әкелуі мүмкін дегенге саяды. Мұндайда мемлекетке жалақы мен әлеуметтік төлемдерді қайтадан индекстеуге тура келеді.

Back to top button