«Рақмет», «Қалың қалай?», «Бүгін көңіл-күйім жоқ» – мұндай сөздерді бүгінде адамдар достарына немесе жақындарына ғана емес, жасанды интеллектіге негізделген чат-боттарға жиі айтатын болды. Көпшілік үшін жасанды интеллект жай ғана көмекші емес, тәуліктің кез келген уақытында қолжетімді, сөзді бөлмейтін, сынамайтын әрі тыңдауға әрдайым дайын әңгімелесушіге айналып келеді. Tizgin.kz тілшісі психолог Алтыншаш Саекешевамен технологияларды тиімді пайдалану мен эмоциялық тәуелділіктің шекарасы қай жерден басталатыны туралы әңгімелесті.
Чат-бот сынамайды, қарсы шықпайды
Психологтың айтуынша, қазіргі уақытта адамдардың чат-боттарға эмоциялық тұрғыда байланып қалуы – жиі кездесетін жағдай, себебі әр адамға өзін тыңдап, түсініп, қандай – сондай күйде қабылдайтын орта керек.
«Чат-боттар көп жағдайда қарсы шықпайды, сынамайды, әрдайым сөйлесуге дайын тұрады, сондықтан кейбір адамға ол «өзін түсінетін біреу» сияқты сезіледі. Сонымен қатар, қазіргі кезде адамдар жалғыздықты жиі сезінеді. Сол кезде чат-ботпен сөйлесу уақытша жеңілдік пен қолдау береді. Ең маңыздысы – бұл тек қосымша құрал болуы керек», – дейді Алтыншаш Саекешева.
Маман жансыз нысанмен эмоциялық байланыс орнату – қалыпты және жиі кездесетін құбылыс екенін айтты. Адам тек басқа адаммен ғана емес, кейде затпен, ойыншықпен, кітап кейіпкерімен немесе чат-ботпен де байланыс сезімін қалыптастыра алады.
«Кейде адамға шынайы өмірде қолдау, түсіністік немесе қауіпсіздік жетіспейді. Сол кезде ол осы қажеттілікті басқа нәрселер арқылы толықтыруға тырысады. Жансыз нысан сол кезде адамға қауіпсіз, қарсы шықпайтын, үнемі «қасында бар» сияқты сезіледі. Мұндай байланыс өз мөлшерімен болса – зиян емес. Жасанды интеллектімен сөйлесу адамға бірнеше жағынан жеңілдік береді. Біріншіден, адам өзін біреу тыңдап тұрғандай сезінеді. Ол оның айтқанын сынамайды, қарсы шықпайды. Екіншіден, жалғыздық күйін азайтады. Кейде жай ғана сөйлесетін біреу болғаны адамның көңіл-күйін көтереді. Үшіншіден, ішіндегі ойын, уайымын сыртқа шығарып алады, соның арқасында жеңілдеп қалады. Сондай-ақ, адам өзін қауіпсіз сезінеді, өйткені реніш, ұрыс немесе түсінбеушілік болмайды. Дегенмен бұл – тек уақытша жеңілдік. Ал шынайы жақындық пен терең түсінісу адаммен қарым-қатынаста қалыптасады», – дейді психолог.
Мәселе жаста емес, өмірлік жағдайда…
Психологтың айтуынша, жасанды интелектімен сөйлесуді белгілі бір деңгейде қарым-қатынастың жаңа түрі деп қарастыруға болады.
«Қазір адамдар тек бір-бірімен емес, чат-ботпен де сөйлесіп, ой бөлісіп, ішіндегісін айтып үйреніп жатыр. Чат-ботпен сөйлесу кейбір адамдар үшін жай ақпарат алу емес, эмоциялық жеңілдік беретін, көңілін жеңілдететін, өзін тыңдайтын «әңгімелесуші» сияқты болады. Мұнда бір маңызды айырмашылық бар: бұл – екі жақты тең қарым-қатынас емес. Чат-бот адамның эмоциясын толық сезінбейді, тек жауап береді, сондықтан бұл қатынас адамның адаммен болатын қарым-қатынасын толық алмастырмайды, тек оны толықтыратын құрал сияқты. Мұны қарым-қатынастың жаңа түр деп айтуға болады, бірақ ол дәстүрлі адамаралық қарым-қатынастың орнын басатын деңгейде деп айта алмаймыз», – дейді ол.
Психолог чат-ботпен әңгімелесуге кімдер бейім болатынын айтты.
«Мұндай байланысқа нақты бір ғана жас тобы көбірек бейім деп айту қиын. Бұл әр адамның өмірлік жағдайына байланысты. Жасөспірімдер көбіне жаңа технологияға тез үйренеді, сондықтан чат-ботпен жиі сөйлесуі мүмкін. Олар өз ойларын, сезімдерін бөлісетін қауіпсіз орта іздейді. Ересектерде бұл көбіне жұмыс, стресс немесе жалғыздықпен байланысты болуы мүмкін, яғни олар да кейде ішіндегісін айтып жеңілдеу үшін қолданады. Ал қарт адамдарда бұл сирегірек кездеседі, бірақ егер жалғыздық қатты болса, олар да осындай қарым-қатынасқа үйреніп кетуі мүмкін. Мәселе жасқа ғана емес, адамның жалғыздығына, эмоционалдық қолдауға және өмірлік жағдайына көбірек байланысты», – дейді Алтыншаш Саекешева.
Маман чат-ботты қалыпты пайдалану мен оған тәуелді болудың ара-жігін қалай ажыратуға болатынын айтты.
Чат-бот психологты алмастыра алмайды
«Егер адам чат-ботты тек керек кезде қолданып, кейін шынайы өміріне қайта оралса – бұл қалыпты пайдалану. Ал егер адам көңіл-күйі түссе де, қуанса да тек чат-ботқа жүгініп, адамдармен араласуды азайта бастаса – бұл эмоциялық тәуелділікке жақындайды. Негізгі шекара – адамның шынайы өмірдегі қарым-қатынасы азайып, чат-бот негізгі «сөйлесетін серігіне» айналған кезде. Мысалы, адам барлық мәселесін тек чат-ботпен бөлісіп, жақындарымен сөйлесуді азайтса, адамдармен араласудан қашқақтаса немесе бос уақытының көп бөлігін чат-ботпен өткізуге ұмтылса – бұл шамадан тыс байланыс қалыптасып келе жатқанын көрсетуі мүмкін. Сондай-ақ, чат-ботқа қол жеткізе алмаған кезде мазасыздану, өзін жайсыз сезіну немесе үнемі сонымен сөйлескісі келуі де назар аударатын белгілердің бірі», – дейді ол.
Оның айтуынша, чат-бот адамның досының, психологтың немесе романтикалық серігінің орнын баса алмайды.
«Чат-бот адамды тыңдап, сұрақтарына жауап беріп, белгілі бір деңгейде қолдау көрсеткендей әсер қалдыруы мүмкін. Кейбір адамдар үшін бұл уақытша эмоциялық жеңілдік береді, бірақ достық, махаббат немесе психологпен жұмыс өзара сенімге, эмоцияға, тәжірибеге және тірі қарым-қатынасқа негізделеді. Жасанды интеллект адамның эмоциясын шынайы сезінбейді, сондықтан мұндай қарым-қатынастың орнын толық алмастыра алмайды. Мысалы, психоанализде «Тасымал» деген ұғым бар. Қарапайым сөзбен жеткізетін болсам, ересек өмірде кездесетін адамдар балалық шағыңызда қасыңызда болған адамдарды, сонымен байланысты жан жараңызды есіңізге салып тұрады. Өзіңіз барып жүрген психологыңыз анаңызға, әкеңізге немесе балалық шағыңыздағы өміріңізде маңызды рөл атқарған адамға ұқсауы мүмкін. Психолог осы құбылысты дер кезінде байқаса – клиентіне жақсы көмектесе алады, жұмыстың ары қарай жалғасуына ықпал ете алады. Мысалы, клиент психологына «Мен сізді жек көріп отырмын. Сіз мені тастап кететін сияқтысыз» десе, психолог оған «Бала кезіңізде осы сезімді кімге қатысты сезіндіңіз? Кім сізді тастап кетті?» деп, балалық шағына барып, сол жақта жабылмай қалған жан жарасына қатысты жұмыс істейді. Осылайша клиент шын мәнінде кімге ашуланып, кімді жек көріп отырғанын, не үшін ондай сезімде отырғанын түсіне алады. Ал чат-бот ешқашан «Тасымал» бойынша жұмыс істей алмайды. Ал «тасымал» бойынша жұмыс істей алмау деген – адамға өз-өзін тануға, өз-өзін табуға көмектесе алмау деген сөз», – дейді психолог.
Сыни ойлау қабілетіңіз болмаса…
Ол чат-боттың зиянды тұсы туралы да айтты.

«Чат-бот көп жағдайда сенің айтқаныңмен келісіп, «сенікі дұрыс» деген сияқты тұжырым жасайды. Естеріңізде болса, 2025 жылы АҚШ-та ChatGPT-мен сөйлескеннен кейін өзіне қол жұмсаған жасөспірімнің ата-анасы чат-ботты әзірлеген OpenAI компаниясы мен оның бас директоры Сэм Альтманды сотқа берген. Сан-Франциско сотына берілген талап-арызға сәйкес, 16 жастағы Адам Рейн бірнеше ай бойы ChatGPT-пен өзіне қол жұмсау тақырыбын талқылағаннан кейін 11 сәуірде көз жұмған. Талап-арызда ChatGPT «Адамға өзіне қол жұмсау тәсілдерін зерттеуге белсенді түрде көмектесті» деген айып тағылған. Сондай-ақ, чат-боттың қоштасу хатын жазуға көмектесуді ұсынғаны айтылған. Тергеу барысында Адам Рейн өмірінің соңғы апталарында ChatGPT-ті адамдармен қарым-қатынастың орнына пайдаланғаны анықталды. Ол чат-ботпен өзінің жеке мәселелерін талқылап, тіпті үй тапсырмасын орындауға да көмек сұраған. Жасөспірімнің ата-анасының айтуынша, уақыт өте келе чат-бот оның өмірінде «суицидке итермелейтін нұсқаушыға» айналған. Бұл оқиға чат-бот ешқашан психологтың орнын баса алмайтынын, өміріңізде қандайда бір мәселе болса сол мәселеге қатысты маман көмегіне жүгіну қажеттігін айқын көрсетті. Чат-ботты қолданатын адам сыни тұрғыда ойлай алатын қабілетке ие болуы керек, себебі чат-боттың жауабын өте сенімді қабылдап, пікіріне шамадан тыс мән беру – қауіпті. Жасанды интеллекттің жауабын әрқашан ой елегінен өткізіп, қажет болған жағдайда басқа сенімді ақпарат көздерімен салыстырған дұрыс», – дейді Алтыншаш Саекешева.
Психолог «адамға ұқсай» түсетін чат-боттар болашақта адамдар арасындағы қарым-қатынас психологиясын қалай өзгертетіні туралы пікірін айтты.
«Менің ойымша, болашақта адамдар жасанды интеллектпен бұрынғыдан да жиі қарым-қатынас жасайтын болады. Чат-боттар оқу, жұмыс, ақпарат іздеу және күнделікті мәселелерді шешуде маңызды көмекшіге айналуы мүмкін. Кейбір адамдар эмоциясын бөлісу немесе кеңес алу үшін де оларға жиі жүгінеді. Дегенмен бұл адамдардың бір-біріне деген қажеттілігін жоймайды. Керісінше, технология дамыған сайын шынайы қарым-қатынастың, жанашырлықтың, сенімнің және адам эмоциясының құндылығы арта түседі. Болашақтағы негізгі міндет – жасанды интеллектіні адамдар арасындағы байланысты алмастыратын құрал емес, оны толықтыратын технология ретінде пайдалану. Цифрлық және шынайы қарым-қатынастың арасындағы тепе-теңдікті сақтау өте маңызды болады», – дейді ол.