Атыраудың үстінен әскери ұшақ неге ұшып өтті (ВИДЕО)
Атырау тұрғындары аспанда әскери жойғыш ұшаққа ұқсас әуе кемесін байқап, оны видеоға түсіріп алған. Бұл жағдайға қатысты Қазақстанның Қорғаныс министрлігі пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ведомствоның баспасөз қызметінің мәліметінше, 2026 жылы 24 маусымда Атырау қаласының үстімен Қазақстан әскери-әуе күштерінің Су-30СМ ұшағы жоспарлы оқу-жаттығу шеңберінде ұшып өткен.
«Мұндай жаттығу ұшу құрамын даярлау аясында тұрақты түрде өткізіледі. Олар ұшқыштардың кәсіби машықтарын сақтау мен жетілдіруге, сондай-ақ авиациялық техниканы қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған. Барлық іс-шаралар бекітілген жоспарлар мен қауіпсіздік талаптарына сәйкес іске асады. Ұшу штаттық режимде өтті және қала тұрғындарына ешқандай қауіп төндірген жоқ. Алаңдауға еш негіз жоқ», – деп мәлімдеді Қорғаныс министрлігі.
Әлеуметтік желілерде түрлі жарияланымдардың таралуына байланысты ведомство азаматтарды мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сүйенуге және расталмаған мәліметтерге сын көзбен қарауға шақырды.