Александр Усик барлық чемпиондық белбеулерінен бас тартатынын мәлімдеді
Украиналық әйгілі боксшы, аса ауыр салмақтағы әлем чемпионы Александр Усик өзіне тиесілі барлық чемпиондық белбеулерден бас тартатынын жариялады. Бұл туралы ол Instagram парақшасында мәлімдеді.
Усиктің айтуынша, мұндай шешім оның кәсіпқой бокстан кететінін білдірмейді.
«Бүгінде иеленіп отырған барлық чемпиондық белбеулерімді босатқым келеді. Кезекте тұрған жігіттер сол белбеулер үшін жұдырықтассын», – деді боксшы.
Сонымен қатар ол жанкүйерлеріне алда тағы бір үлкен жекпе-жек өткізетінін меңзеді.
«Менде Last Dance бар», – деп жазды Усик.
«Бұл – қисынды шешім»
Бұрынғы әлем чемпионы әрі бапкер Вячеслав Сенченко Усиктің бұл қадамын заңды әрі қисынды шешім деп бағалады.
Оның сөзінше, әрбір чемпиондық белбеудің міндетті үміткерлері бар және чемпион оларды тұрақты түрде қорғауға тиіс. Алайда барлық ұйымның талаптарын қатар орындау іс жүзінде мүмкін емес.
«Бұл шешімге таңғалған жоқпын. Әр белбеудің өз міндетті үміткері бар, ал Усик ай сайын әрқайсысымен жекпе-жек өткізе алмайды. Сондықтан ұйымдардың қысымынан арылып, бір маңызды айқасқа немесе коммерциялық кездесулерге назар аудару үшін осындай қадамға барған шығар», – деді Сенченко.
Ол сондай-ақ чемпиондық атақтарды қорғамай ұстап отырудың мәні жоқ екенін айтты.
Усиктің тарихи жетістігі
Александр Усик кәсіпқой бокста WBC, WBA, IBF, IBO және The Ring нұсқалары бойынша ауыр салмақтағы әлем чемпионы саналады. Ол бірінші ауыр салмақта бір мәрте, ал аса ауыр салмақта екі рет абсолютті әлем чемпионы атанған.
Еске салсақ, 2025 жылғы 19 шілдеде өткен реваншта Дэниел Дюбуаны жеңгеннен кейін Александр Усик ауыр салмақта абсолютті әлем чемпионы атағын екі мәрте жеңіп алған тарихтағы алғашқы боксшы атанды. Осылайша ол аңызға айналған Мұхаммед Әлиден кейін мұндай жетістікке қол жеткізген алғашқы спортшы болды.