Жаңалықтар

Шенген визасын алу жеңілдейді – СІМ

Ел азаматтары үшін шенген визасын алу тәртібі жеңілдетілуі мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.

ЖЕТІБАЕВ НЕ АЙТТЫ

Ресми ақпаратпен Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев бөлісті.

Оның айтуынша, 23 маусым күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Брюссельге сапары аясында Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта және Еуропалық комиссия президенті Урсула фон дер Ляйенмен кездесулер өткен.

Келіссөздер барысында Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы визалық режимді жеңілдету және реадмиссия туралы келісім жобаларын сарапшылар деңгейінде аяқтаудың маңыздылығы атап өтілді. Қазір тараптар келісімдерге қол қою алдындағы қажетті ішкі мемлекеттік рәсімдерді жүргізіп жатыр.

«Екеуара уағдаластықтар Қазақстан азаматтары үшін визалық рәсімдерді одан әрі жеңілдетуді көздейді. Оның ішінде визалық өтініштерді қарау мерзімін қысқарту, көп мәртелік визалар алу мүмкіндігін кеңейту және басқа да шаралар бар», — деді Жетібаев.

Оның сөзінше, келіссөздер процесінің аяқталуы Қазақстан мен Еуропалық одақ ынтымақтастығының маңызды практикалық нәтижесі болды.

МӘН-ЖАЙЫ

СІМ өкілі сарапшылар деңгейіндегі келіссөздер толық аяқталғанын нақтылады. Қарастырылып жатқан шаралар қатарында құжаттар тізімін қысқарту, консулдық алымды азайту, көп мәртелік визаларды беру тәжірибесін кеңейту және өтініштерді қарау мерзімін қысқарту бар.

Толық ақпарат тиісті келісімдерге қол қойылғаннан кейін жарияланады. Қазір тараптар құжаттарды қол қоюға дайындау бойынша ішкі мемлекеттік рәсімдер кезеңіне өткен көрінеді.

Жетібаевтың айтуынша, Қазақстан өз ішінде қажеттігг рәсімдерді жүргізіп жатыр, ал еуропалық тарап құжаттарды Шенген аймағына кіретін барлық мемлекеттермен келісуі тиіс. Сондықтан бұл процесс белгілі бір уақытты қажет етеді, ал нақты қол қою күні әзірге белгісіз.

Back to top button