Қалжырды лайлап алтын қазып жүрген кімдер: Марқакөлге Астанадан тексеру кетті

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Tizgin.kz ақпарат порталына жолдаған жауабында Шығыс Қазақстандағы Қалжыр өзені жайлы тараған резонансты видеодан Марқакөл ауданында жоспардан тыс тексеру жүргізілетінін хабарлады.
ШУ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ
Бірнеше күн бұрын тарихшы Тұрсынхан Зәкен Шығыс Қазақстан облысы Марқакөл ауданы Қалжыр өзенін лайлап жатқандардың әрекетін өткір сынаған еді. Бұл пікірін ол әлеуметтік желіге жазған.
«Қалжыр! Күршім! Тас-талқан табиғат, пайда іздеген жеке компаниялар! Бұларды тексеретін, қой дейтін біреу бар ма? Қайда табиғат қорғау мекемелері, қайда облыс басшылары? Осы алтын мемлекет қазынасына құйылып жатса бір сәрі, қайдағы бір көлденең көк аттылардың пайдасына кетіп жатыр. Бұл недеген масқара, ағайын!? Бұл елдің иесі жоқ па?!» – деп жазды ол.
Tizgin.kz тілшісі 31 шілдеде өткен үкімет отырысында Қазақстанның Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев пен Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтан осы мәселенің мәнісін сұраған. Сонымен, Қалжырды кім лайлап жатыр? Тексеру басталды ма? Бұл сұраққа жауап берген Нысанбаев тексеру басталғанын хабарлаған еді.
ӨНЕРКӘСІП МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ
Үкімет отырысынан кейін Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі толыққанды жауап жолдады. Ведомствоның ресми мәліметіне сүйенсек, Шығыс Қазақстан облысының көрсетілген аумағында берілген лицензиялар мен жер қойнауын пайдалану келісімшарттарына сәйкес келесі компаниялар жұмыс жүргізіп жатыр: «ГРК МЛД» ЖШС, «Exploration GRK MLD» ЖШС, «RC GOLD» ЖШС, «ГРК МАНКА» ЖШС, «Best Агропродукт» ЖШС, «Paramount Group» ЖШС және 10 жеке қазушы, олар алтын өндіруге берілген старательдік лицензиялар негізінде жұмыс істейді:
- Кенчинбаева Сандуғаш Мырзахметқызы – Суық бұлақ учаскесі;
- Мдиха Алена Ерболатқызы– атауы жоқ учаске;
- Мдиха Мұхаммед – атауы жоқ учаске;
- Уранов Шарипқан Мотанұлы – Сухой лог учаскесі;
- Манаков Алмас Жомартұлы – Гроза-3 учаскесі;
- Жеңісбек Сағыныш – Шандыбұлақ-7 учаскесі;
- Карима Гүлжайнар – Шандыбұлақ-12 учаскесі;
- Жосатай Жеңісбек – Шандыбұлақ-15 учаскесі;
- Әділқан Дәулет – атауы жоқ учаске;
- Бақытбек Жүнісбек – атауы жоқ учаске.
Министрлік берілген лицензиялар мен келісімшарттар аясында жүргізілетін жұмыстар бойынша қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) жүргізіліп, оң экологиялық қорытынды алынғанын хабарлайды.
«Қосымша айта кетсек, құрамына экология, өнеркәсіп министрліктері, облыс әкімдігі, Бас прокуратура және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар кіретін комиссия құрылды. 2025 жылғы 1 тамызға жоспарланған осы аумақта жоспардан тыс тексеріс жүргізіледі. Егер тексеріс барысында ластану немесе заңсыз өндіру фактілері анықталып, расталатын болса, жауапты тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады», – делінген жауапта.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тексеріс қорытындылары бойынша анықталған заң бұзу фактілері мен ескертулер туралы қосымша хабарлауға уәде береді.