Ресейдегі ірі мұнай өңдеу кешендерінің біріне дрондар шабуылдады
Уфадағы «Башнефть» мұнай өңдеу кешеніне ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасалды. Украина Қауіпсіздік қызметі мәліметінше, соққы «Роснефть» құрылымына кіретін екі кәсіпорынға бағытталған, деп хабарлайды Tizgin.kz Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
ЗАУЫТТАРҒА ЗАҚЫМ КЕЛДІ
Украина тарапы шабуыл әсерінен жылына жалпы қуаты 16 млн тоннадан асатын «Башнефть-Новойл» және «Башнефть-Уфанефтехим» зауыттарына зақым келді. Салдарынан мұнайды бастапқы өңдеу қондырғыларында өрт шыққан.
Әлеуметтік желілерде оқиға орнынан түсірілген бейнежазбалар тарады. Онда өнеркәсіптік аймақта бірнеше өрт ошағы мен қою қара түтін көрінеді. Сонымен қатар, Astra Telegram-арнасы кешен құрамындағы үшінші кәсіпорын – «Башнефть-УНПЗ»-ға да соққы жасалған болуы мүмкін екенін хабарлады. Алайда бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталмады.
БАШҚҰРТСТАН БИЛІГІ НЕ ДЕЙДІ
Башқұртстан билігі дрондар шабуылы болғанын растады. Республика басшысы Радий Хабиров әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері шабуылды тойтарғанын, ал ұшқышсыз аппараттардың сынықтары өнеркәсіптік аймаққа құлағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, кәсіпорындардың технологиялық жұмысына нұқсан келмеген.
Бұл Уфадағы мұнай өңдеу нысандарына жасалған алғашқы шабуыл емес. Биыл сәуір айында да кешендегі зауыттардың бірі дрондар соққысына ұшырап, мұнайды бастапқы өңдеу қондырғысы зақымданған болатын.
Бұған дейін украиналық ұшқышсыз аппараттардың шабуылынан соң Мәскеу мұнай өңдеу зауыты едәуір зақымдалып, жұмысы кемінде алты айға тоқтатылуы мүмкін екені хабарланған еді.