Қазақстандықтарға БАӘ-ге баруға бола ма? СІМ жауап берді
СІМ өкілі жағдай толық тұрақталғанға дейін сақтық таныту қажет екенін айтты.
«Қазақстан азаматтарына Біріккен Араб Әмірліктеріне баруға бола ма?» деген сұраққа ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев жауап берді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Ведомство өңірдегі бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпал ететін өзара қолайлы шешімдерге жақын арада қол жеткізіледі деп үміттенеді.
«Жағдай толық тұрақталғанға дейін сақтық танытқан жөн деп санаймыз. Осыған байланысты азаматтарға мүмкіндігінше өңір елдеріне аса қажет емес сапарлардан уақытша бас тарта тұруды ұсынамыз», – деді Жетібаев брифинг барысында.
Қазақстандық Air Astana әуе компаниясы 20 маусымнан бастап Алматы – Дубай бағыты бойынша тұрақты рейстерді қайта жандандырды, ал 10 шілдеден бастап рейстер елордадан да ұша бастайды. Иран әуе кеңістігінің жабылуына байланысты ұшақтар Пәкістан арқылы ұшып жатыр.
АҚШ, Израиль және Иран арасындағы әскери қақтығыстарға байланысты Дубайға рейстер бірнеше рет кейінге шегеріліп, тоқтатылған болатын.
Ақпан айында Air Astana ұшақтары ұшып шыққан әуежайларға кері қайтарылып немесе қосалқы әуежайларға бағытталды. Ал елге қайта алмай қалған жолаушылар уақытша қонақүйлерге орналастырылған еді.
Сондай-ақ, биыл наурыз айында FlyArystan Ақтау – Дубай рейстерін тоқтатқан болатын. Таяу Шығыстағы тұрақсыз жағдайға және өңірде енгізілген шектеулерге байланысты FlyArystan әуе компаниясы Ақтау – Дубай – Ақтау бағыты бойынша рейстер кестесіне өзгерістер енгізген еді.