TOP-2ЖаңалықтарОқиға

АҚШ-та көз жұмған Асет Құралбайдың мәйіті Қазақстанға жеткізілді

Чикаго маңынан өлі күйінде табылған 24 жастағы қазақстандықтың мәйіті елге жеткізілді.

Бұған дейін АҚШ-тың Иллинойс штатында, Чикаго қаласының маңынан денесі табылған 24 жастағы қазақстандық Асет Құралбайдың мәйіті Қазақстанға жеткізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұл туралы брифинг барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазақстандық консулдық марқұмның отбасына қажетті барлық қолдауды көрсеткен.

«25 маусым күні аталған азаматтың мәйіті Қазақстанға жеткізілді. Нью-Йорктегі Бас консулдығымыз барлық қажетті консулдық-құқықтық қолдау көрсетіп, мәйітті елге жеткізу ісіне жәрдемдесті», – деді ол.

Бұған дейін Иллинойс штатындағы Чикаго қаласының маңындағы Форд-Хайтс ауданында тұрған Асет Құралбайдың 2026 жылдың маусым айының басында жоғалып кеткені хабарланған болатын.

Марқұмның әпкесінің айтуынша, Асет хабарсыз кеткеннен кейін отбасы оның достарынан пәтерін тексеруді сұраған. Тексеру барысында үйінен жазба қағаз бен банк карталары табылған. Туыстарының мәліметінше, жоғалғаны туралы арыз берілгеннен кейін көп ұзамай, 10 маусым күні оның көлігі үйінен бес минуттық жерден табылған.

Отбасының айтуынша, бейнебақылау камераларына көлікті белгісіз қара нәсілді әйелдің айдап кеткені түсіп қалған. Оның жеке басы әлі анықталмаған, ал оқиғаға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Туыстары полицияның тергеу жұмыстарын белсенді жүргізіп жатқанын айтады. Оқиға орнына тұрақты түрде патрульдік жасақтар барып тұрған, кей кездері бірнеше көлік қатар келген. Сараптама жүргізу үшін Асеттің жеке заттары, оның ішінде киімдері мен төсек-орын жабдықтары алынған. Сонымен қатар қызметтік иттер де пайдаланылған.

Әпкесінің сөзінше, Асет АҚШ-та шамамен төрт жыл тұрған. Ол Amazon жеткізу қызметінде жұмыс істеген және соңғы уақытта Чикагодағы қылмыс деңгейі жоғары аудандардың бірінде тұрған.

Көршісінің айтуынша, Асет тұйық өмір салтын ұстанған, адамдармен араласудан жиі қашқақтаған. Кейде түнде ұйықтамай, күндіз демалатын болған.

Ол соңғы рет 2 маусым күні ағасымен телефон арқылы сөйлескеннен кейін байланысқа шыққан. Бірнеше күннен соң отбасы алаңдай бастаған, ал 7 маусымнан кейін оның телефоны хабарламалар мен қоңырауларға жауап бермей қалған.

Back to top button