TOP-2Экономика

Қазақстан банктері ауыр дағдарысқа қаншалықты төтеп бере алады

Қазақстанның 11 ірі банкі стресс-тесттен өтті

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк секторын қадағалап стресс-тестілеудің (ҚСТ) 2025 жылғы нәтижелері бойынша жыл сайынғы есебін жариялады. Бағалау қорытындысы Қазақстанның банк жүйесі қолайсыз экономикалық сценарийлер жағдайында да тұрақтылығын сақтай алатынын көрсетті, деп хабарлайды қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі.

Банк секторының басым бөлігі қамтылды

Биылғы стресс-тестілеуге активтердің сапасын бағалау (AQR) шеңберіне кіретін 11 ірі банк қатысты. Олар банк секторының жиынтық активтерінің 86 пайызын және кредиттік портфелінің 87 пайызын құрайды.

Агенттіктің мәліметінше, жүргізілген бағалау банк жүйесінің ықтимал экономикалық күйзелістерге төтеп беру қабілетінің жеткілікті екенін растады.

Капитал жеткіліктілігі нормативтен бірнеше есе жоғары

Стрестік сценарий жағдайында қатысушы банктердің негізгі капиталының (k1) жиынтық жеткіліктілігі 2025 жылдың бірінші тоқсанында 16,1 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылғы 15 пайыздан жоғары.

Ал қолданыстағы ең төменгі норматив буферлерді есептемегенде 5,5 пайыз деңгейінде белгіленген. Демек, банк секторының капитал қоры реттеуші талаптан айтарлықтай жоғары болып отыр.

Қандай тәуекелдер көбірек әсер етті?

Есепке сәйкес, стрестік сценарийдің ең жоғары әсері кезінде банктер капиталына ең үлкен қысымды кредиттік және нарықтық тәуекелдер түсірген.

Атап айтқанда:

  • кредиттік тәуекелдің әсері – минус 1,3 пайыздық тармақ;
  • нарықтық тәуекелдің әсері – минус 1,9 пайыздық тармақ.

Сонымен қатар банктердің таза пайыздық және пайыздық емес кірістері бұл әсерді ішінара өтеп, капиталға плюс 1,4 пайыздық тармақ көлемінде қолдау көрсетті.

Банктерге қосымша капитал буфері белгіленді

Стресс-тест қорытындысы бойынша әрбір қатысушы банкке қолайсыз жағдайларда ықтимал шығындарды сіңіру мүмкіндігін арттыру мақсатында капитал жеткіліктілігінің қосымша буфері белгіленді.

Бұл буфер банктердің таза пайдасын дивиденд ретінде бөлу мәселесін қарастыру кезінде де ескерілетін болады.

Буфер мөлшері әр банктің тәуекел деңгейіне қарай сараланып, тәуекел дәрежесі бойынша өлшенген активтер мен шартты міндеттемелердің 0 пайызынан 3 пайызына дейін белгіленген.

Есептің ашықтығы артты

Биыл алғаш рет жыл сайынғы есепте әрбір қатысушы банк бойынша жекелеген тәуекел түрлеріне қатысты мәліметтер жарияланды.

Агенттік мұндай ақпаратты кезең-кезеңімен жариялау стресс-тестілеудің ашықтығын арттыруға, сондай-ақ қаржы нарығына қатысушылар мен қоғамның реттеуші саясатқа және жалпы банк жүйесіне деген сенімін күшейтуге бағытталғанын атап өтті.

Back to top button