TOP-2Тергеу

Полицейді өлтіріп, өртеп кеткен: істің жаңа деректері жарияланды

Алматы облысындағы таудан денесі өртенген күйде табылған 37 жастағы аға жедел уәкіл Аслан Әлсеровтің аса қатыгездікпен өлтірілуіне қатысты істің жаңа мән-жайлары белгілі болды. Полицейдің өліміне күдікті жұбайы өзі де құқық қорғау органдарының қызметкері болған, деп хабарлайды КТК.

КТК телеарнасы сырт көзге үлгілі көрінген отбасының өміріне қатысты өзге де деректерді анықтады. Марқұм мен оның жұбайы 15 жыл отасып, жеті бала тәрбиелеген. Қайғылы оқиға болған Алматыдағы бес қабатты тұрғын үйдің көршілері олардың ұлдарын тәрбиелі, спортпен айналысатын, үлкендерге үнемі қолғабыс көрсететін балалар ретінде еске алды. Ал отағасы мен оның жұбайын сыпайы, мәдениетті жандар деп сипаттайды.

Алайда тергеу нұсқасына сәйкес, аса қатыгездікпен жасалған қылмыс бірінші қабаттағы өз пәтерлерінде болған. Кісі өлтірілгеннен кейін жедел уәкілдің мәйіті көлікке тиеліп, Алматыдан шамамен 300 шақырым жердегі тауға жеткізілген де, өртелген. Адам сүйегі жатқан әлі толық сөне қоймаған отты жергілікті қойшы кездейсоқ байқап қалып, сұмдық көріністі видеоға түсіріп алған.

Күдіктілерге қандай жаза қаупі төніп тұр

Қазір Әлсеровтердің пәтері мөрленген. Алматы облысы полиция департаменті қаза тапқан азаматтың өз қызметкерлері болғанын ресми түрде растады. Сондай-ақ қылмысқа қатысы бар деген күдікпен оған ең жақын адамдары ұсталған.

«Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктілер, оның ішінде марқұмның жұбайы мен ұлы ұсталды. Олардың барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады ведомство.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр. Қазір тергеушілер қайғылы оқиғаның толық мән-жайын қалпына келтіріп, отбасы мүшелерінің арасында нақты не болғанын анықтап жатыр.

Аслан Әлсеров жер қойнына тапсырылды. Егер сотта оның жұбайы мен кәмелетке толмаған ұлының кінәсі дәлелденсе, оларға 15 жылдан бастап бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Back to top button