Қазақстанда әскерге шақыру процесі цифрлық форматқа көшіріледі
Енді қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдер шақырылушылар туралы мәліметтерді мемлекеттік цифрлық жүйелердің интеграциясы арқылы алады.

Қазақстанда азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру процесі цифрландырылмақ. Тиісті өзгерістер Үкімет қаулысымен әскерге шақыруды ұйымдастыру және өткізу қағидаларына енгізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Құжатқа сәйкес, елде Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесі (ҚР ҚМ ЦЖ) енгізіледі. Бұл – дербес әскери есепті жүргізуге және мемлекеттік ақпараттық жүйелермен өзара іс-қимыл жасауға арналған автоматтандырылған платформа.
Енді қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдер шақырылушылар туралы мәліметтерді мемлекеттік цифрлық жүйелердің интеграциясы арқылы алады. Егер деректер алмасу мүмкін болмаса, қажетті ақпарат үш жұмыс күні ішінде сұратылады.
Өзгерістер әскерге шақырылушыларды іріктеудің жаңа тәртібін де қарастырады. Алдымен Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметі мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі жасақталады. Одан кейін іріктеу Ұлттық ұлан үшін жүргізіледі.
12 шілдеден бастап аудандық және облыстық шақыру комиссияларының медициналық тексеру қорытындысы бойынша қабылдаған шешімдері ҚР ҚМ ЦЖ арқылы электронды форматта рәсімделеді. Комиссия отырыстарының хаттамалары төрағаның, мүшелердің және хатшының электрондық цифрлық қолтаңбасымен бекітіледі. Техникалық ақаулар болған жағдайда құжаттарды уақытша қағаз түрінде рәсімдеуге рұқсат етіледі.
Сонымен қатар, әскерге шақырылушылардың есептік карталары цифрлық форматта қалыптастырылады. Онда медициналық тексеруден өтуі, соттылығының бар-жоғы немесе жоқтығы туралы мәліметтер және әскерге шақыру үшін қажет өзге де құжаттар енгізіледі.
Әскерге аттанар алдында азаматтар жеке деректерін жинауға, өңдеуге және беруге келісім береді. Бұл мәліметтер олардың цифрлық есептік картасының құрамына енгізіледі.
Әскери командалар жасақталғаннан кейін мерзімді әскери қызметке шақыру және әскери атақ беру туралы бұйрықтар да Қорғаныс министрлігінің цифрлық жүйесі арқылы шығарылады.
Осындай тетік әскери міндеттілерді оқу-жаттығу жиындарына шақыру кезінде де қолданылады.
Бұдан бөлек, медициналық тексеру нәтижелері мен әскери қызметке жарамдылық деңгейі электронды есептік картаға енгізіледі, ал медициналық құжаттардың сканерленген көшірмелері цифрлық жүйеде сақталады.
Қаулы 2026 жылғы 4 шілдеден бастап күшіне енеді. Ал жекелеген нормалар 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.