Каспий 30 жылда Сицилия аралындай аумақтан айырылды
Зерттеушілердің айтуынша, Каспий теңізі мәңгілікке тартыла бермейді.
Соңғы 30 жылда Каспий теңізінің деңгейі 2,3 метрге төмендеп, аумағы 24 мың шаршы шақырымға қысқарды. Бұл шамамен Сицилия аралының аумағына тең, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Earth’s Future журналында жарияланған зерттеу нәтижелері теңіздің тартылуына жаһандық жылыну негізгі себеп емес екенін көрсетті. Ғалымдардың есептеуінше, температураның көтерілуіне байланысты буланудың артуы су жоғалтудың небәрі 37 пайызын ғана түсіндіреді.
Қалған 63 пайыз өзендерден келетін су көлемінің азаюымен байланысты. Әсіресе, Каспийге құятын Еділ өзенінің жылдық ағыны 32 текше шақырымға қысқарған. Бұл ретте Еділ алабындағы жауын-шашын мөлшері керісінше артып отыр.
Өзен ағынының не себепті азайғанын ғалымдар әзірге нақты анықтай алмады. Мүмкін себептердің қатарында су ресурстарын пайдалану тәсілдерінің өзгеруі, судың топырақта көбірек жиналуы және өсімдік жамылғысының әсері аталады.
Зерттеушілердің айтуынша, Каспий теңізі мәңгілікке тартыла бермейді. Болашақта жаһандық жылыну теңіз үстіндегі жауын-шашын көлемін арттырып, су деңгейінің қайта көтерілуіне ықпал етуі мүмкін.