Жаңалықтар

Тунис, Макао, Колумбия: Қазақстандықтар қай елдерге визасыз бара алады

Жаз шыға қазақстандықтар жақын және алыс елдерге сапарлап, демалысқа барып жатады. Бірақ көбі қай елдерге визасыз баруға болатынын, қай бағыттарға алдын ала рұқсат алу қажеттігін білмеуі мүмкін, деп хабарлайды Tizgin.kz.

СІМ САЙТЫНДА ТОЛЫҚ ТІЗІМ БАР

Жалпы, сапар мақсатына қарай Қазақстан азаматтары шетел мемлекеттеріне дипломатиялық, қызметтік немесе азаматтық паспортпен бара алады. Ал ҚР Сыртқы істер министрлігі сайтында азаматтардың паспорт түрі мен жоспарланған сапар мерзіміне байланысты визасыз кіруге болатын елдердің толық тізімі бар.

Қазақстан азаматтары қарапайым төлқұжатпен 90 күнге дейін визасыз бола алатын елдер қатарында Албания, Андорра, Антигуа және Барбуда, Грузия, Колумбия, Молдова, Моңғолия, Сан-Марино, Сент-Китс пен Невис, Сент-Винсент пен Гренадиналар, Тунис және Украина бар.

Армения мен Түркияға да визасыз баруға болады. Бірақ бұл елдерде 90 күннен артық болуға рұқсат берілмейді.

Ал Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстанда визасыз болу мерзімі – 180 күн ішінде 90 күнге дейін. Дегенмен 30 күннен кейін қабылдаушы елдің құзырлы органдарында тіркеуден өту талап етіледі.

Ресейге де визасыз баруға болады, онда болу мерзімі бір жыл ішінде 90 күнге дейін. Дегенмен 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Ресейге оқу және жұмыс мақсатында баратындар үшін электронды кіру рұқсаты (RUID) жүйесі енгізіледі.

ОҢТҮСТІК АМЕРИКАҒА БАРҒЫСЫ КЕЛЕТІНДЕР ҮШІН

Доминикан Республикасында қазақстандықтар визасыз 60 күнге дейін бола алады.

Ал Аргентина, Бразилия, Вьетнам, Катар, Қытай, Малайзия, Мальдив Республикасы, Марокко, Никарагуа, БАӘ, Оман, Сейшел аралдары, Сербия, Таиланд, Филиппин және Эквадорға визасыз 30 күнге дейін баруға болады.

Оңтүстік Кореяда да визасыз 30 күн болу мүмкіндігі бар, алайда 2022 жылғы 1 сәуірден бастап алдын ала электронды рұқсат (K-ETA) рәсімдеу талап етіледі. Черногорияға визасыз кіру тек 2026 жылғы 1 мамыр мен 1 қазан аралығында ғана мүмкін.

Гонконг (ҚХР), Иран және Макаоға визасыз 14 күнге дейін, ал Барбадосқа 28 күнге дейін баруға болады.

Замбия, Индонезия (келген кезде 30 күнге дейін) және Маврикий сияқты елдерде визаны әуежайда рәсімдеу қарастырылған.

МӘН-ЖАЙЫ

Сонымен қатар, егер елге кіру үшін виза талап етілсе, оны сапарға дейін 1-2 ай бұрын тиісті елдің Қазақстандағы елшілігі немесе консулдығы арқылы, не сенімді туристік агенттіктер көмегімен рәсімдеген жөн.

Кей елдерде виза рәсімдеу процесі туристік маусым кезінде ұзағырақ уақыт алуы мүмкін. Әр мемлекет визаны беру тәртібін өз бетінше белгілейді. Соның ішінде консулмен сұхбат, алым мөлшері және қажетті құжаттар тізімі де кіреді. Бұдан бөлек, сапар алдында барлық шығынды алдын ала төлеу немесе әуе билетін сатып алу визаның жедел берілуіне кепілдік бермейтінін ескерген жөн.

 

Back to top button