TOP-2Пікір

«Ауылдағылар баласын тәрбиелемегенін түсінсін»: мәселе көтерген экс-депутат өткір сынға ұшырады

Экс-депутатТәңірберген Бердіоңғаров әлеуметтік желіде Триатлон саябағында бүлініп қалған бокс қапшығына қатысты пікір айтты.

Экс-депутат Тәңірберген Бердіоңғаров әлеуметтік желіге жасанды интеллектінің көмегімен жасалған суретті салып, ата-аналарды балаларын тәрбиелеуге шақырды. Суретте қазақ баласы зақымдалған бокс қапшығының жанында тұр. Бұл сурет пен экс-депутаттың пікірі оқырмандардың наразылығын тудырды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

«Триатлон саябағында әлдебір «малдар», вандалдар бокс қапшығын зақымдаған. 1 айдан кейін саябақтың күйі осындай болып тұр. Қазақ отбасында бала өзін дұрыс ұстамаса – ата-анасы үшін үлкен ұят болатын, ал қазір бәрібір болып кеткен. Айыппұл әсер етпесе, орталық көшеге заттарды бүлдірген балалардың суретін іліп қояйық. Ең шалғай ауылдағы адамдар, ең жақын туыстары баланы дұрыс тәрбиелемегенін түсінсін», – деді экс-депутат видео-үндеуде.

Сондай-ақ, ол осы тақырыпта жазу түрінде ойын жеткізді.

«Бүгін таңертең Астанадағы Триатлон-Паркте адамдар спорт алаңының орнына вандализмнің салдарын көрді: спорттық құрал-жабдықтар кесілген, бокс қапшығы пышақпен турап тасталған. Біреу бұл жерге жаттығу үшін емес, қала балалары мен ересектері үшін салынған нәрсені бұзу үшін келген. Ал бүгін, Әке күнінде, бұл – ерекше ащы, себебі тууына ғана себепкер болып, баласының өміріне де, жаттығуына да, тіпті үйіне де араласпайтын әкелер бар», – деп жазды экс-депутат әлеуметтік желідегі парақшасына.

Ол айыппұл – ақша ғана екенін жазды.

«Ал ұлы немесе қызы өсіп, басқа біреудің мүлкіне қарсы қолына пышақ алғанда, қоғам «ата-анасы қайда қарап отыр?» деп сұрайды, жауабы көбіне біреу-ақ: олар жанында болмаған. Айыппұл – бұл тек ақша ғана. Ал қоғам басқа жауапкершілік түріне – заңдық емес, абыройлық жауапкершілікке дайын ба? Мысалы, Қытайда 2016 жылдан бері кәрі ата-анасын тастап кеткен ересек балалардың есімдерін жария етіп, несие рейтингін нашарлататын механизм жұмыс істейді – бұл мемлекеттік деңгейдегі қоғамдық айыптау құралы. Бәлкім, бізге де бұл туралы дауыстап айтатын кез келген шығар – тек айыппұлмен ғана емес, тәрбиеден бас тартқан әкелерді қоғамдық айыптаумен де? Шынымен әр әке – асқар тау ма?» – деп жазды ол.

Тәңірберген Бердіоңғаровтың бұлай жазуы оқырмандарының наразылығын тудырды.

«Қазақ екеніне сенімдісің бе? Көзіңмен көріп, қолыңмен ұстамасаң – неге біржақты қорытынды жасап, қазақтарды айыптайсың?

«Неге сіз қазақ отбасы мен ауылын айтып отырсыз? Әлде өзге ұлтқа қазақтарды жабайы қылып көрсетуіңіз бе? Көзбен көріп, қолымен ұстамағанан кейін, жергілікті қазақ ұлттына тіл тигізіп, көпшілікке сөйлеуге қақыңыз жоқ.

Субардинация сақтап, фактпен сөйлеңіз,  Сен неге қазақ дейсің? Қазақ екенін көзіңмен көрдің бе? Ауылдан не жамандық көрдің?

Сол ауылдың арқасында адам болып отырсың. Біле білсең: ет, нан, жеміс-жидек сол ауылдан келеді» деген пікірлер жазды.

 

Back to top button