Балқашты жүзіп өтпек болған ер адам көлде қалып қойған
Жергілікті тұрғын “Balqash Tour Fest – 2026” фестивалі өтетін орынға ерекше жолмен бармақ болып, көлдің бір жағалауынан екінші жағалауына ескекті қайықпен жүзіп өтуді жоспарлаған. Алайда ол жағалаудан шамамен 3 шақырым қашықта қатты шаршап, қозғала алмай қалған, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Азаматты акваторияны патрульдеп жүрген табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері байқап, дер кезінде көмек көрсетті. Полицейлер тұрғынды моторлы қайыққа отырғызып, қауіпсіз жерге жеткізді.
Айта кету керек, фестиваль уақытында полиция қызметкерлері күшейтілген тәртіпте қызмет атқарып жатыр. Олар қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп қана қоймай, азаматтарға қажетті көмек көрсетіп, демалушылардың қауіпсіздігін бақылауда ұстайды.
Фестиваль өткен уақыт ішінде полицейлер адам көп шоғырланған орындарда ата-анасынан адасып қалған 16 баланы тауып, жақындарына табыстаған.