TOP-1Ерекше

Қазақстан әлемдегі ең бейбіт 50 елдің қатарына енді

2026 жылдың қорытындысы бойынша, Қазақстан бірден 5 сатыға жоғарылап, әлемдегі ең қауіпсіз әрі тұрақты 50 мемлекеттің қатарына енді.

Қазақстан 2026 жылғы Жаһандық бейбітшілік индексі (Global Peace Index) бойынша әлемдегі ең бейбіт 50 елдің қатарына енді. Республика 163 мемлекеттің ішінде 44-орынды иеленіп, өткен жылмен салыстырғанда өз нәтижесін бес сатыға жақсартты, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Бұл жыл сайынғы рейтингті Экономика және бейбітшілік институты (Institute for Economics and Peace) жасайды. Бағалау барысында 23 көрсеткіш ескеріледі, олардың қатарында қоғамдық қауіпсіздік деңгейі, қылмыс деңгейі, ішкі тұрақтылық, қақтығыстардың болуы және милитаризация деңгейі бар.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстанның бейбітшілік индексі 1,771 баллды құрады. Бұл көрсеткіш елге әлемдік рейтингтің алғашқы үштен бір бөлігіне енуге мүмкіндік берді.

Орталық Азия елдері ішінде Қазақстаннан жоғары орынды тек Өзбекстан иеленді. Ол 37-орында орналасып, өз нәтижесін бірден он сатыға жақсартты.

Тәжікстан 47-орынға, Қырғызстан 61-орынға, ал Түрікменстан 66-орынға жайғасты.

Зерттеу авторлары соңғы жылдары Орталық Азия елдері жалпы алғанда тұрақтылық пен қоғамдық қауіпсіздік көрсеткіштерін жақсартып келе жатқанын атап өтеді.

Әлемдік рейтингтің көшбасшысы тағы да Исландия болды. Үздік үштікке сондай-ақ Жаңа Зеландия мен Швейцария кірді. Ал ең төменгі орындар негізінен қарулы қақтығыстар мен күрделі ішкі дағдарыстарға тап болған елдерге тиесілі.

Жаһандық бейбітшілік индексі мемлекеттердің қауіпсіздік, тұрақтылық және бейбіт даму деңгейін бағалайтын ең беделді халықаралық зерттеулердің бірі болып саналады. Жыл сайын сарапшылар әлем елдерінің тұрақтылығына әсер ететін ішкі және сыртқы факторларды талдайды.

Back to top button