TOP-2Жаңалықтар

Жамбыл облысы ПД экс-басшысының орынбасары пара ісі бойынша сотталып кетті

Тараз қалалық №2 соты Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Жайдарбек Құттыбаев пен Талас аудандық полиция бөлімінің экс-басшысы міндетін атқарушы Еркен Абаевқа үкім шығарды, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Сот Жайдарбек Құттыбаевты кінәлі деп танып, 6 жылға, ал Еркен Абаевты 5 жылға бас бостандығынан айырды. Сондай-ақ екеуіне де мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салынып, арнайы атақтарынан айыру туралы шешім қабылданды.

Сот процесі барысында екі айыпталушы да өз кінәсін мойындамай, істің қолдан ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Қорғаушылар айыптау негізінен жәбірленушінің көрсетулеріне сүйенгенін айтып, тікелей дәлелдердің жеткіліксіз екенін алға тартты.

Өз кезегінде сот куәгерлердің айғақтары мен іс материалдарын жан-жақты зерттеп, айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденді деген қорытындыға келгенін мәлімдеді.

Үкім жарияланғаннан кейін сотталғандардың туыстары шешіммен келіспейтіндерін айтып, апелляциялық шағым түсіретіндерін хабарлады.

Back to top button