Спорт

“Ордабасы” футбол клубы сатылды

Шымкенттегі Дене шынықтыру және спорт басқармасына тиесілі “Ордабасы” футбол клубы сатылды. Клубтың 100% мемлекеттік акциялар пакеті 16 маусым күні электрондық сауда арқылы өткізілді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

КЛУБТЫҢ БАСТАПҚЫ ҚҰНЫ

Клубтың сатылу бағасы бастапқы құнынан небәрі 1000 теңгеге жоғары болды – 156,9 миллион теңге. Сауда қайта жарияланған кезде лоттың бастапқы бағасы 156,9 миллион теңге болып белгіленген еді.

Алғашында “Ордабасыны” 224,2 миллион теңгеге сату жоспарланған. Бұл клубтың бағалау құнымен сәйкес келген. Алайда 2026 жылы 28 мамырға белгіленген алғашқы аукцион өтпей қалды. Себебі сатып алуға ниет білдірген бірде-бір қатысушы тіркелмеген. Осыдан кейін қайта сауда жарияланып, клубтың бағасы 67,3 миллион теңгеге төмендетілді.

Сауда шарттарына сәйкес клубты жалғыз қатысушыға сатуға рұқсат етілген. Лот карточкасындағы мәліметке қарағанда, сатып алуға бір ғана өтінім түскен. Әзірге сатып алушының аты-жөні ресми жарияланған жоқ.

КІМ САТЫП АЛДЫ

Бұған дейін ықтимал сатып алушы ретінде Integra Construction KZ құрылыс компаниясының бенефициары, тау-кен металлургия саласындағы активтерді сатып алып жүрген кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліптің есімі аталған еді. 2026 жылдың ақпанында оның компаниясы мен Шымкент әкімдігі “Ордабасы” клубын жекешелендіру туралы меморандумға қол қойған.

2026 жылы Шахмұрат Мүтәліп алғаш рет Қазақстандағы ең бай 75 кәсіпкердің рейтингіне енді. Оның байлығы 482 миллион доллар деп бағаланып, тізімде 22-орынға жайғасты. 2026 жылдың мамырында кәсіпкер ERG компаниясының 39,3% үлесін сатып алған. Оған қоса наурыз айынан бері “Алтыналмас” алтын өндіруші компаниясын сатып алу процесін жүргізіп жатыр.

Ал Integra Construction KZ Forbes Kazakhstan нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең ірі компаниялар арасында 12-орында тұр. Компанияның табысы 418,8 миллиард теңге. Ал таза пайдасы 35,4 миллиард теңге.

Сатып алушы клубтың спорттық бағытын кемінде 10 жыл бойы сақтауға міндетті. Сонымен қатар, кемінде қызметкерлердің кемінде үштен екісін жұмыста қалдырып, өз қаражаты есебінен шетелдік футболшылар мен мамандар тартуы тиіс. Одан өзге, жаңа меншік иесі балалар және әйелдер футболын дамытуға міндеттеледі.

Back to top button