TOP-2Жаңалықтар

Қазақстандағы әскер асханасына киік етінен жасалған өнім енгізілмейді

Вице-министр құрғақ азық-түлік жиынтықтарының құрамын арнайы бейінді институттар анықтайтынын атап өтті.

Қорғаныс министрінің орынбасары Асқар Мұстабеков әскери қызметшілердің азық-түлік рационына ақбөкен етінен жасалған консервілерді енгізу мүмкіндігі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Tizgin.kz.

Мәжіліс кулуарында ол мұндай өнімнің әскерилердің ас мәзірінде жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, аспаздар тағам әзірлеуде жаңа етті пайдаланады.

«Қазіргі таңда мәзірде мұндай консервілер жоқ. Әскерде жаңа сойылған ет қолданылады. Бұл мәселе қарастырылып жатқан жоқ. Өзім де дәмін татып көрмедім, сондықтан ештеңе айта алмаймын», – деді Мұстабеков.

Вице-министр құрғақ азық-түлік жиынтықтарының құрамын арнайы бейінді институттар анықтайтынын атап өтті. Оның айтуынша, ақбөкен етінен жасалған консервілерді олардың құрамына енгізу жоспарда жоқ.

Еске сала кетсек, Үкіметтегі брифингте Қазақстанда киік еті қайта өңдеу кәсіпорындарымен келісімшарттар болғанына қарамастан, жоғары сұранысқа ие емес екенін ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтқан болатын.

«Бұл ең алдымен Қазақстанның сирек кездесетін жануарлар популяциясын қалпына келтіру бойынша өзіне алған шектеулермен байланысты. Өнім өткізу арналарын кеңейту үшін Экология министрлігі, Сауда министрлігі және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыс жүргізілуде», – деді Сұлтанов.

Back to top button