Семейдегі футбол матчынан кейінгі жанжалға байланысты төреші бес тәулікке қамауға алынды
Семей соты футбол матчының төрешісі Арман Исмұратовты балағат сөздер айтып, әдепсіз қимылдар көрсеткені үшін ұсақ бұзақылық жасаған деп таныды.
Семей қаласында футбол төрешісі Арман Исмұратовқа бес тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Ол Қазақстан Премьер-лигасының «Елімай» мен «Ордабасы» арасындағы матч кезінде болған жанжалдан кейін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Семей қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соттың мәліметінше, оқиға 14 маусым күні «Спартак» стадионында болған. «Елімай» мен «Ордабасы» арасындағы футбол матчында төреші оқиғаға қатысушылардың бірімен жанжалдасып қалған.
Сот анықтағандай, төреші қоғамдық орында, көпшіліктің көзінше жәбірленушіге қатысты бейәдеп сөздер айтып, әдепсіз ишаралар көрсеткен.
Төрешінің кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, жәбірленуші мен куәгерлердің айғақтарымен, бейнежазбамен, полиция қызметкерінің баянхатымен және іс материалдарындағы басқа да дәлелдермен расталған.
Сот жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайларды анықтамады. Сонымен қатар, соңғы бір жыл ішінде ер адамның бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын ескерді.
Нәтижесінде сот оны Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы 1-бөлігі («Ұсақ бұзақылық») бойынша кінәлі деп танып, бес тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.
Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Жанжал Қазақстан Премьер-лигасының 13-туры аясында өткен матчтан кейін туындады. Семейде өткен кездесуде шымкенттік «Ордабасы» командасы «Елімайды» 3:1 есебімен жеңген болатын. Ойыннан кейін «Елімайдың» бас бапкері Андрей Карпович Арман Исмұратовтың жұмысына ашық сын айтып, төрешінің клуб пен өңірге қатысты орынсыз сөздер айтқанын мәлімдеді.
Кейін бұл сөздерді команданың жартылай қорғаушысы Жан Әли Пайруз де растады. Әлеуметтік желілерде матчтан және стадионның ішкі аумағынан түсірілген бейнежазбалар тарады.
Оқиғаға қатысты облыс әкімі Берік Уәли де пікір білдірді. Оның айтуынша, семейлік клуб жанкүйерлерінен көптеген өтініш түскен. Әкім мәселені жеке бақылауына алып, оны Марат Омаровмен талқылаған. Әкімнің сөзінше, Қазақстан футбол федерациясы оқиғаны тексеру үшін арнайы комиссия құрған.