ЖаңалықтарҚоғам

Қайрат Сатыбалдының бұрынғы қонақүйіне қатысты тағы дау шықты

Алматын орталығындағы DoubleTree by Hilton қонақүй кешенінің айналасындағы дау өршіп тұр. Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи қонақүйді қазіргі иелерінен заңсыз тартып алу әрекеті жүріп жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Tizgin.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

ДЕПУТАТ САУАЛЫ

Өткен айда Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи бұрын Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған DoubleTree by Hilton қонақүйінің айналасындағы жағдайға байланысты депутаттық сауал жолдаған болатын.

Депутаттың пікірінше, DoubleTree by Hilton төңірегіндегі жағдай жай ғана мемлекеттік мүлік туралы дау емес, бірнеше жыл бұрын басталған оқиғаның жалғасы.

“Төрт жыл бұрын мен бұл қонақүй туралы депутаттық сауал жолдап, оны Қайрат Сатыбалдыұлының жақындары басып алғанын хабарлағанмын. Соңғысы қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Осы кезең ішінде ол мемлекетке өз активтерінің бір бөлігін қайтарды, олардың арасында Hilton қонақүйі де болды. Алайда, анықталғандай, олигархтың сыбайластары түрлі айла-шарғылар мен махинациялар арқылы бұл қонақүйді жасырын түрде Сатыбалдыұлының өзіне тиесілі компанияның есебіне қайта рәсімдеген. Егер “Хилтон” оның активтеріне жалған түрде жазылмағанда, бұл қонақүй бастапқыда Сатыбалдыұлының мемлекетке қайтарған мүліктерінің тізіміне енбес еді”, – делінген депутаттың сауалында.

БАПИ НЕ АЙТТЫ

Бапи қазір жаңа схемалар арқылы Сатыбалдыұлының құрылымдарына жазылған Hilton қонақүйі Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті арқылы аукционға шығарылып жатқанын және Сатыбалдыұлымен байланысты жалған компаниялар арқылы оны төмендетілген бағамен қайта сатып алу әрекеттері жасалып жатқанын айтты.

“Активтерді қайтару жөніндегі комиссия арқылы Hilton қонақүйі небәрі 4 миллиард теңгеге бағаланып, осы құнмен мемлекетке өткізілді. Алайда, тәуелсіз қаржы сарапшыларының бағалауынша, оның нарықтық құны 11 миллиард теңгеден асады. Алматының қақ ортасында орналасқан әлемдік деңгейдегі қонақүй неге соншалықты арзан бағаланды? Жауабы айқын: Сатыбалдыұлымен үлестес компания арқылы оны аукционда ең төменгі бағамен қайта сатып алу үшін”, – деді мәжілісмен.

Бапидың айтуынша, қонақүйді басқа қолға беруге мүдделі ведомстволар құнды активті заңды иелерінен тартып алып қана қоймай, оларға қосымша 4,5 миллиард теңге көлемінде ойдан шығарылған салық қарызын да “ілген”.

Сондай-ақ, депутаттың сөзінше, қонақүй қызметкерлері көшеде қалып, 250-ге жуық адам бір сәтте жұмыссыз қалуы мүмкін.

Осыған байланысты мәжілісмен Бас прокуратурадан тергеу жүргізіп, заңдылықты қалпына келтіруді сұрады.

БАС ПРОКУРАТУРА ЖАУАБЫ

Бас прокуратураның депутаттық сауалға берген жауабына сәйкес, 2023 жылғы 18 қыркүйекте Қайрат Сатыбалдыұлы сыйға тарту шарты бойынша DoubleTree by Hilton кешенін Алматы қалалық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне (ММЖД) өткізді. Сол күні нысан мемлекет меншігіне қабылданды.

Қонақүй мемлекетке өткеннен кейін де оны “АБЛИ-Құрылыс” ЖШС мен “Abli-hotels” ЖШС иеленіп келген. Осыған байланысты ММЖД аталған заңды тұлғаларға кешенді босатуды міндеттеу туралы талап арызбен сотқа жүгінді. 2024 жылғы 24 сәуірде Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты талап арызды қанағаттандырды. Шешім 2024 жылғы 3 шілдеде заңды күшіне енді.

Сол жылдың 18 шілдесінде сот тағы бір талап арызды қанағаттандырды – “Abli-hotels” ЖШС-нен мемлекеттік мүлікті нақты пайдаланғаны үшін 1,1 миллиард теңгеден астам қаражат өндірілді. Бұл талап та қанағаттандырылып, сот шешімі 2024 жылғы 9 қыркүйекте заңды күшіне енді.

Back to top button