«Kyzdar.net» интернет-сайтының бенефициарлары қолға түсті
Биыл маусым айында Ішкі істер министрлігі қызметкерлері «Kyzdar.net» интернет-ресурсының серверлік инфрақұрылымын ұйымдастырушылар мен түпкі бенефициарларын қолға түсірді, деп хабарлайды Tizgin.kz Orda.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ МӘЛІМЕТІ
Платформада интимдік қызмет көрсетуді ұсынатын шамамен 9 мың анкета орналастырылған, олардың 500-ден астамы дәстүрлі емес жыныстық бағдардағы адамдар мен трансвеститтердің анкеталары болған. Мұндай қызметтер жұқпалы аурулардың таралу қаупін арттыратын факторлардың бірі екені даусыз.
«Ұйымдастырушылар қызметін тоқтату қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау, сондай-ақ адамгершілік құндылықтарды, заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту тұрғысынан ерекше маңызды. Аталған сайттың интернет желісі арқылы жеңгетайлықты жарнамалау және насихаттау, азаматтарды заңсыз қызметке тарту мақсатында пайдаланылғаны анықталды. Тергеу барысында күдіктілердің IT-компаниялардың бірінің негізін қалаушылары екені анықталды. Олар әзірлеген «Kyzdar.net» сайты негізгі жобалардың бірі болған және кейіннен қызмет көрсету саласындағы басқа заңды IT-өнімдерді жасау кезінде енгізілген бағдарламалық шешімдерді әзірлеу мен сынақтан өткізуге арналған технологиялық платформа ретінде пайдаланылған», – деп жазылған ҚР ІІМ таратқан мәлімдемеде.
1,3 МЛН ДОЛЛАРДАН АСТАМ ҚАРЖЫ ТӘРКІЛЕНДІ
Компанияның дамуы «Kyzdar.net» сайтының заңсыз қызметінен түскен қаржы ағындары есебінен жүзеге асырылған. Алдын ала есеп бойынша олардың көлемі ай сайын 500 миллион теңгеден асқан. Қаржылық операциялардың едәуір бөлігі ақша қаражаты қозғалысын бақылауды қиындату мақсатында криптовалюта құралдарын пайдалану арқылы жүргізілген.
«Жүргізілген тергеу іс-шаралары нәтижесінде 144 миллион теңге көлеміндегі қолма-қол ақша, 1,3 миллион АҚШ долларынан астам қаражат, оның ішінде криптовалюта түріндегі 300 мың доллардан астам қаржы, қару-жарақ пен оқ-дәрілер, шамамен 150 бірлік компьютерлік және өзге де техника, автокөліктер, құжаттар және қылмыстық іс бойынша басқа да дәлелдемелер тәркіленді», – деп жазылған хабарламада.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда. Құқыққа қайшы қызметтің барлық мән-жайларын анықтауға, ықтимал сыбайластарды әшкерелеуге, сондай-ақ заңсыз жолмен алынған кірістерді заңдастыру схемаларын анықтауға бағытталған тергеу және жедел іс-шаралар кешені жүріп жатыр.
Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді.